Елордалық ата-аналар балабақшадағы тамақ беру процесін камера арқылы бақылай алады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қалалық Білім басқармасының басшысы Әнуар Жанғозин елордадағы балабақшаларда тамақтандыру сапасын арттыру мәселесі қалай реттеліп жатқанын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өткен жылы мектептегі тамақтандыру мәселесіне баса назар аударсақ, биыл мектепке дейінгі ұйымдарға жүргізілетін мониторингті күшейтуді көздеп отырмыз. Тамақтандыру сапасын қадағалау мақсатында белсенді ата-аналардың, қалалық мәслихат өкілдерінің, «Нұр Отан» партиясы мүшелері мен «Адалдық алаңы» өкілдерінің қатысуымен ауқымды жұмыстар жүргізілді. Бұл ретте басымдық мектеп асханаларына берілді. Біріншіден, тамақтандыру процесін ұйымдастыру үшін мектептер конкурс жарияламайды. Бұл жұмыс активтер және мемлекеттік сатып алу басқармасы деңгейінде бірыңғай конкурс арқылы өткізіледі. Екіншіден, әр мектеп асханасына бейнебақылау камералары орнатылды. Сондықтан, ата-аналар тарапынан қандай да бір сұрақтар болса, олар камера арқылы тамақтандыру сапасын бақылай алады», - деді Әнуар Жанғозин елорда әкімдігінің баспасөз орталығында өткен брифингте.

Қалалық білім басқармасы басшысының айтуынша, үшіншіден, мектептерде қазіргі уақытта қолма-қол ақшасыз төлем жасау жүйесі енгізіліп жатыр. Яғни, балалар асханаға келген кезде ақшалай емес, карточка арқылы төлей алады.

«Төртіншіден, мониторингтің нәтижесінде 85 мектеп арасында 30 мектепте ғана кемшілік анықталған жоқ. Қалған мектептер тамақтандыру бойынша азық-түлік жеткізушілерді ауыстырып, қайтадан конкурс жариялады. Өз кезегінде осыған дейін әр мектепте конкурсқа бір немесе екі жеткізуші қатысса, қазір олардың саны бес немесе алтыға артқан. Яғни, бәсеке бар», - деді ол.

Әнуар Жанғозиннің айтуына қарағанда, балаларды тамақтандыру бойынша өткен жылға қарағанда шағымдар саны 35 пайызға азайған.

«Осы жұмысты біз жалғастырамыз. Қалалық мониторинг тобын меткепке дейінгі ұйымдарда тамақтандыру сапасын қадағалау мақсатында кеңейтіп отырмыз. Белсенді ата-аналарды осы жұмысқа атсалысуға шақырамыз. 20 қыркүйекке дейін қалалық білім басқармасының сайтында мониторингке қатысқысы келетін ата-аналардан өтінім қабылдайтын айдар ашылады. Әрине, осы бағытты «Нұр Отан» партиясы мүшелері мен «Адалдық алаңы» өкілдері қолдап отыр», - деді Әнуар Жанғозин.


Соңғы жаңалықтар