Елордаға ұшып келген ПТР анықтамасы жоқ 118 жолаушы стационарға жатқызылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтанға бүгін түнде халықаралық рейстер бойынша тағы 4 ұшақ ұшып келді. Air Astana, Turkish Airlines пен Flydubai әуе компаниялары орындаған рейстермен 569 жолаушы ұшып келіп, оның 118-де ПТР анықтама болмаған. Олардың бәрі осы себепті карантин стационарына жатқызылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі елорданың әуежайының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ПТР-тестілеуден өткеннен кейін олар үйлеріне қайтарылады. Ал тест қорытындысы коронавирус жұқтырғанын көрсетсе, ондай жолаушылар инфекциялық стационарға барады.

Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы мемлекеттік органдармен бірге коронавирус инфекциясының алдын алу үшін нақты шаралар кешенін жүзеге асыруда:

● Жолаушылар міндетті түрде термометриядан өтуі керек. Ол үшін тепловизорлық смарт-камералар қолданылады.

● Жолаушылар терминалында тәулік бойы санитарлық-карантиндік бекет бригадалары кезекшілікте жүреді.

● Ішкі және халықаралық рейстерде ұшу және қону аумағытарында жолаушыларға арналған санитайзерлер орнатылған.

● Жолаушыларды тіркеу, сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайының аумағында 1,5 мтерлік әлеуметтік қашықтықты қамтамасыз ету тәртібі еденде нақты сызбамен көрсетілген.

● Әуежайдың ішкі аумағын арнайы дезинфекциялық құралдарды пайдалана отырып, санитарлық өңдеу жиілігі артты. Вирусқа қарсы белсенділікке ие антисептик қолданылады.

● Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайына келетін әуе кемелерінің бәрі де дезинфекциялық өңдеуден өтеді. Сонымен қатар тұрақты түрде жолаушыларға қызмет көрсететін техникада дезинфекциялық жұмыстар жүргізіледі.

● Коронавирус инфекциясының таралуының алдын алу бойынша әуежай қызметкерлерімен нұсқаулық жүргізіледі.

Еске сала кетсек, кеше Нұр-Сұлтанға шет елдерден ұшып келген, ПТР-анықтамасы жоқ 104 адам стационарлық карантинге жатқызылған болатын.


Соңғы жаңалықтар