Елордаға коронавирусқа қарсы вакцинаның 2 мыңнан астам дозасы жеткізілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ресейлік «Спутник- V» вакцинасының 2 030 екінші компоненті елорданың Денсаулық сақтау басқармасын қоймасына жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған басқарма баспасөз қызметінің мәліметінше, екі компоненттің сыртқы бейнесі түс айырмашылығымен ерекшеленді. Біріншісі - көк, ал екінші компонент қызыл түсті. Бір флакон 5 адамға екпе салдыруға арналған.

Келіп түскен жаңа дозалар бірінші кезеңде вакцинациялау үшін белгіленген қалалық емханаларға тапсырылды. Бұл дозалармен ауруханалардың медициналық қызметкерлерін, жедел-жәрдем бригадалардың фельдшерлерін, сүзгі кабинеттің қызметкерлерін және басқаларды вакцинациялау жалғасады.

21 күннен кейін тиісті екінші екпесін Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов та алды. Емшара бөлмесінің қызметкерлері Мұратовтың хәлін сұраған кезде, денсаулық жағдайының сыр бермегенін жеткізді.

«Кішкене әлсіздік байқалды. Бірақ вакцинадан кейінгі мүмкін болатын әсерлерден хабардар едім. Коронавирус жұқтырып, ауырып қалу қорқыныш сезімі оған қарсы екпе алудан әлде қайда жоғары» ,- деді Тимур Мұратов.

Жалпы елорда бойынша вакцинациялау басталғалы бері 2008 адам екпе алды. Жоспар - 5 700 адамға екпе салдырту.

Айта кетейік Нұр-Сұлтан қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов 1 ақпан күні коронавирусқа қарсы екпе салдырған болатын.



Соңғы жаңалықтар