Елордаға Елбасының есімін беру әділ ұсыныс - Бекболат Тілеухан
2016 жылғы 23 қараша 12:55

Елордаға Елбасының есімін беру әділ ұсыныс - Бекболат Тілеухан

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында «Тәуелсіздіктің 25 жылдығы Қазақстан жетістіктерінің декларациясы» қабылданғаннан кейін Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан журналистерге берген сұхбатында Астана қаласына ҚР Президентінің есімін беру өте әділ ұсыныс екендігін айтып өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жалпы бұл бірінші рет ұсынылып отырған жоқ. Осы мәселені кезінде Парламент депутаты Сәт Тоқпақбаевтың (автор - 2008 жылы Елбасының атымен атауды ұсынған) тарапынан көтерілген болатын. Ширек ғасырлық мерекенің қарсаңында бұл бастаманы жеке өз басым қолдаймын. Неге десеңіз, бұл тарихта бар жағдай. Мемлекетті құрған адамның есімімен қаланы атау тәжірибесі бар. Мәселен, Вашингтон қаласы баршаға мәлім. Нұрсұлтан атындағы қаланың болғаны Тәуелсіздіктің символы іспеттес. Тәуелсіз Қазақстан мен Назарбаевтың аты синонимдер сияқты. Мені жағынды немесе басқа деп түсінсеңіздер, өздеріңіз біліңіздер, бірақ тарихи көзқараспен және егеменді елдің азаматы ретінде, мұны өте бір әділ ұсыныс деп ойлаймын», - деді депутат.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында «Тәуелсіздіктің 25 жылдығы Қазақстан жетістіктерінің декларациясы» қабылданып, онда Елбасының есімін елорданың және еліміздің басқа да нысандарында көрсету ұсынылған еді.

Автор:
Тілші

Jańalyqtar

MURAǴAT