Елордадан жаңа халықаралық әуе рейстері ашылады - Роман Скляр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Биыл және келесі жылы Нұр-Сұлтан қаласынан халықаралық бағытта жаңа әуе рейстері ашылатын болады. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Осыдан жарты жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа қолжетімді әуе компаниясын ашу керектігі жөнінде тапсырма берді. Міне, бүгін бәріміз лоукостердің алғашқы рейсінің сәтті орындалуына, яғни тарихи сәтке куә болып отырмыз. Статистика көрсетіп отырғандай, жыл санап авиажолаушылардың саны артып келеді. Бұған дәлел - өткен жылы елімізде 8 млн жолаушы әуе қатынасы арқылы тасымалданды, бұл 2017 жылмен салыстырғанда 6 есеге артық. Ал 2010 жылдан бергі 9 жылдың ішінде әуе қатынасының жолаушылары 40 есе көбейген. Сондай-ақ, Астана халықаралық қаржы орталығының қолжетімділігін арттыру мақсатында жаңадан халықаралық әуе рейстері ашылады. Бұл іс осы жылға және келесі жылға жоспарланып отыр», - деді Р.Скляр.

Оның айтуынша, халықаралық әуе рейстерінің де саны артқан. Қазіргі уақытта Қазақстаннан әлемнің 27 еліне 97 бағытта халықаралық рейс жасалады.

«Бүгінгі күні халықаралық тәжірибе көрсетіп отырғандай, лоукостерлер неғұрлым белсенді дамып жатыр. Олар авиажолаушылар үшін қолжетімді болғандықтан басымдыққа ие және өзінің өсу қарқыны бойынша классикалық авиакомпанияларды басып озады. Қазақстанның бұл процестерден тысқары қалуына болмайды, сондықтан жаңадан құрылған төмен бюджетті FlyArystan тасымалдаушысы туристік және іскерлік белсенділік есебінен халықтың ұтқырлығын арттыруға мүмкіндік береді», - дейді министр.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, бүгін «FlyArystan» бюджеттік авиакомпанияның алғашқы әуе рейсі Алматыдан елордаға ұшып келді. Оның бортында 180 авиажолаушы және 4 бортсеріктесі болды.

Соңғы жаңалықтар