Елордадан ұрланып, жұмысқа жегілген жасөспірім - полиция түсініктеме берді

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «НеМолчиKZ» қоғамдық қорына 16 жастағы жасөспірім өзін елордадан күштеп алып кетіп, ауылда жұмыс істеуге мәжбүрлегені туралы хабарлама жолдаған. Жағдайға қатысты полиция департаменті тексеру жүргізіп, жасөспірім қазір Нұр-Сұлтан қаласында, өз үйінде аман-есен екенін мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«16 жастағы баладан алаңдаушылық туғызған хабарлама түсті. Ол өзін Нұр-Сұлтан қаласынан ұрлап алып кетіп, ауылға апарып, күш қолдана отырып, жұмысқа мәжбүрлегенін мәлімдеді», - деп жазды «НеМолчиKZ» қоғамдық қорының басшысы Дина Таңсәрі.

Дина Таңсәрі бұл хабарламаны тексеруді сұрап, Ішкі істер министрлігінің «WhatsApp» мессенджеріне өтініш жіберген. Хабарламада бала өзінің мекен-жайы мен аты-жөнін көрсетпеген. Тек фотосуретін жолдаған.

Полиция департаментінің баспасөз қызметі аталған факті бойынша тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлады. Тәртіп сақшылары жасөспіріммен байланысқа шыққан.

«Әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында елордалық жасөспірімді ауылда жұмыс істеуге мәжбүрлегені туралы жарияланым анықталды. Полиция қызметкерлері кәмелетке толмаған баланың қазір Нұр-Сұлтан қаласында өз үйінде және оның аман-есен екенін білді. Мән-жайды тексеру барысында хабарлама таратқан баланың анасы жазғы демалыста ұлын Шығыс Қазақстан облысындағы ауылға туыстарына жібергенін түсіндірген. Жасөспірімге ол жер ұнамағандықтан, ол бұл туралы әлеуметтік желілерге жазған. Баланың анасы арыз-шағым түсіруден бас тартты», - деп түсініктеме берді полиция департаментінің баспасөз қызметі.


Соңғы жаңалықтар