Елордадан Шымкентке бара жатқан автобустағы 37 жолаушы жолда қалып қойды

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Бүгін қызылордалық құтқарушылар «Қызылорда-Жезқазған» жолының бойында күн суықта бұзылып қалған автобустың 37 жолаушысына қол ұшын созды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің кезекші бөліміне сағат 15.22-де хабар келіп түсті. Онда «Қызылорда-Жезқазған» жолының 135 шақырымында «Setra» жолаушылар автобусы бұзылып қалғаны айтылған.

Оқиға орнына төтенше жағдайлар саласы мамандары жедел жетті. Автобуста барлығы 37 жолаушы бар екені анықталды.

Жолаушылар көлігінің Нұр-Сұлтан қаласынан Шымкентке бет алғаны белгілі болды.


«Барлық жолаушы құтқарылды. Бұзылып қалған автобус «КаМАЗ» көлігімен Қызылорда қаласына дейін жеткізілді. Жолаушылар одан әрі Шымкенттен келген өзге автобуспен межелі жеріне жететін болды», - деп мәлім етті Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметінен.

Естеріңізге сала кетелік, бұдан бұрын да Нұр-Сұлтаннан шыққан жолаушылар автобусы Қызылорда трассасында тұрып қалған болатын.


Соңғы жаңалықтар