Елордадан коронавирус жұқтырып барған шымкенттік пен оның анасы аурудан айықты

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Шымкентте коронавирус жұқтырған екі науқас ауруханадан жазылып шықты. Бұл туралы қала әкімінің бірінші орынбасары Ербол Садыр баспасөз брифингінде мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ербол Садырдың айтуынша, дертінен айыққандар - анасы мен баласы.

«Дертінен айыққандар - 1970 және 1996 жылы туған бір отбасының мүшелері. Нақтырақ айтқанда, анасы мен баласы. «Тәуелсіздікке - 20 жыл» елдімекенінде тұратын екі науқастан алынған зертхананың сынамасы теріс болып, олар үйге шығарылды. Дәрігерлер пациенттердің жағдайы жақсы екенін айтады. 2020 жылдың 11 сәуір күнгі жағдай бойынша Шымкент қаласында коронавирус инфекциясының 33 жағдайы тіркелген»,- деді қала әкімінің бірінші орынбасары.

Қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәлімтінше, отбасының қалған 3 мүшесі медициналық қызметкерлердің бақылауымен 14 күндік карантинге жатқызылған. Себебі, інісінен COVID-19 ауруы 12-ші күні анықталған. Олармен әкесі мен қарындасы да жақын байланыста болған. Қалған пациенттердің жағдайы тұрақты, қолданыстағы хаттамаларға сәйкес ем жалғасуда.

«Түркістан облысынан қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына COVID19 ауыруына шалдыққан ауыр жағдайда 2 науқас ауыстырылған болатын. Олар 48 және 60 жастағы науқастар. Бүгінгі күнге пациенттердің жағдайы қазір тұрақты, динамиканың жақсарғаны байқалады» делінген қалалық төтенше жағдай жөніндегі штабының мәліметінде.

Еске сала кетейік, дәл қазіргі уақытта Қазақстанда 81 адам коронавирустан жазылып, үйіне шыққан.


Соңғы жаңалықтар