Елордадан «Киелі Қазақстан» көпкүндік экспедициясы басталады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ертең Нұр-Сұлтан қаласының іргесіндегі «BalQaragai» демалыс аймағынан «Киелі Қазақстан» көпкүндік экспедициясы жолға шығады. Бұл жолғы шараның ерекшелігі - қатысушылар тек жеңіл автокөлікпен емес, атқа да мініп сапарлайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Осыған орай ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ төрағасының орынбасары Сәдуақасов Қайрат кәсіби мамандар он күн ішінде Ақмола, Қарағанды, Павлодар облыстары мен Бұйратау, Баянауыл ұлттық парктерін жүріп өтетіндігін айтты. Салт аттылар тәулігіне 50-60 шақырымды еңсеріп, жақын маңдағы ауылдарда лагерь құрмақ.

«Атбегілік Қазақстан туризмін жаңа бағытқа қарай бұрады деп есептеймін. Алматы облысында Көлсай көлдері, Кетмене, Ассы аймақтарындағы бағыттар туристердің сұранысына ие. Дәл осындай маршруттарды Ақмола, Қарағанды, Павлодар облыстарында жүзеге асыру қолға алынып отыр», - деді ол.

Экспедицияның соңғы нүктесі Баянауыл ұлттық паркінің аумағында орналасқан Жасыбай көлінде 29 маусымға жоспарланған. Жалпы, бұл жоба «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыруға елеулі үлес қосады. Сондай-ақ, Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында айтылған атқа міну мәдениетін жаңғырту бастамасымен ұштасып жатыр.

«Экспедицияның мақсаты - атты туризмді дамытуға жаңа туристік бағыттарды жасау және туған жерімізді зерттеу. Оған қоса, экспедиция туралы материалдар Қазақстанның туристік дестинация ретінде танылуына және халықты ішкі туризмге тартуға ықпал етеді. Экспедиция нәтижесінде еліміздің табиғи нысандары бойынша жаңа туристік бағыттар, сапалы фото-және видеобанктер құрылады. Олардың қазіргі жағдайы туралы өзекті ақпарат алынады, иллюстрацияланған жолнұсқа жасалатын болады», - дейді «QazaqGeography» РҚБ ғылыми және экспедиция қызметі бойынша департамент директоры Нұржан Алғашов.

Айта кетерлігі, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің бастамасымен қолға алынып отырған экспедицияны «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы ұйымдастырса, «QazaqGeography» республикалық қоғамдық бірлестігі оның бағдарын жасап, өткізеді.

Экспедицияның толық жүріп өтетін маршруты: Нұр-Сұлтан қаласы - Приречное ауылы - Қарағайлы археологиялық кешені - Соколиные горы (Бұйратау ҰТП) - Балықты ауылы - Алғабас ауылы - Белодымовский кордон, Қараағаш (Бұйратау ҰТП) - Әлкей Марғұлан ауылы - Қарабұлақ ауылы - Теңдік ауылы- Семізбұға ауылы - Шалқар ауылы - мавзолей Бұхар Жырау - Жаңатілек ауылы - Егіндібұлақ ауылы - Баянауыл - Жасыбай көлі (ГНПП Баянауыл ҰТП) - Нұр-Сұлтан қаласы.

Соңғы жаңалықтар