Елордадан Екібастұзға қанша адам қоныс аударды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі «Тұрғын үй қоры» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Нұрсұлу Қожахметова елорда тұрғындарының Екібастұз және Солтүстік Қазақстан облысына қоныс аударуы бойынша түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жалпы, «Нұрлы Ертіс» бағдарламасы бойынша елордадан Екібастұзға 102 отбасы қоныс аударды. Олардың жалпы саны - 610 адам, соның ішінде еңбекке жарамды – 187 адам, балалар – 423. Алдағы күндері біз Екібастұзға барамыз. Осы орайда 31 отбасы көшуге дайын, оның ішінде еңбекке жарамды 58 адам бар, сондай-ақ 127 бала қамтылып отыр», - деді Н. Қожахметова.

Павлодар облысы әкімдігінің мәліметінше, жекешелендіру мәселесі 5 жыл жалға берілетін тұрғын үйде тұрғаннан кейін оң шешімін табатын болады.

Бірінші жылы әкімдік қоныс аударған отбасылардың баспанаға қатысты барлық шығындарын, яғни жалға алу мен коммуналдық төлемдерін өтеп береді.

Еске салсақ, биыл сәуір айында «Нұрлы Ертіс» бағдарламасын жүзеге асыру аясында Екібастұз қаласында тұруға ниет білдірушілерді қабылдауға бастама жасалды.

Көпбалалы отбасыларға жалпы ауданы 78-80 шаршы метр (3 бөлмелі) 122 пәтер қарастырылған. Ай сайынғы жалдау ақысының құны бір шаршы метр үшін 99 теңгені құрайды. Жалпы, пәтер үшін айына 7722 теңгеден 8000 теңгеге дейін төлем жасалады.

Оның айтуынша, екі және одан көп балалары бар отбасылардың Солтүстік Қазақстан облысына қоныс аударуы қарастырылған.

«СҚО-да 13 аудан қоныс аударушыларды қабылдауға әзір. СҚО-да 6 сотық жер учаскесі бар жеке тұрғын үй беріледі. Қоныс аудару ауданына байланысты белгілі бір мамандықты игерген болуы керек. Ересектер жұмыспен, ал балалар балабақшамен және мектеппен қамтылады», - деді Нұрсұлу Қожахметова.

Соңғы жаңалықтар