Елордадан Арысқа тағы бір жүк көлігі аттанды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстан халқы ассамблеясы Арыс қаласына гуманитарлық көмек жіберді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Елорданың Достық үйінде арнайы құрылған штаб «Арыс, біз біргеміз» акциясына байланысты жиналған азық-түлік, тұрмыстық заттар және киім-кешектер мен төсек-орындарды Түркістан облысына арнайы жүк көлігіне тиеп, жолға аттанды. Бұл қайырылымдылық іске Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстан халқы ассамблеясы, қалалық 23 этномәдени бірлестік пене «Қоғамдық келісім» мекемесі, Әзірет Сұлтан және Нұр-Астана мешіттері атсалысты», - делінген елрдалық ҚХА баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Баспасөз мәліметіне сүйенсек, арнайы штаб құрылған күннен бастап 7 миллионнан астам теңге мен 40 тонна гуманитарлық көмек жиналған.

«Ассамблея өкілдері қиын сәтте отандастарымызға көмек қолын созудан тартынып көрген жоқ. Бұл жолы да солай болды», - дейді Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстан халқы ассамблеясының хатшысы Ләззат Құсайынова

Осыған дейін «Нұр-Сұлтан қаласы өзбек этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі атынан Хасан Шарипов 22 тонна ұн жөнелткен болатын.

Еске сала кетсек, Арыс қаласындағы әскери бөлімнің қоймасында 24 маусым күні таңертең жарылыс болды. Салдарынан үш адам қаза тапты - Арыс тұрғыны мен екі әскери қызметші. 170-ке жуық адам зардап шекті. 20-ға жуық үй, 9 қора-қопсы жанып, далалы аумақта 14 ошақ тұтанды. Үй-жайлар мен ғимараттардың 80-90 пайызына әртүрлі деңгейде зақым келді. Бірқатар өңірде шұғыл желілер құрылды.

Түркістан облысына арнайы барған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Арыстағы әскери бөлімшедегі оқ-дәрі қоймасындағы жарылыстан зардап шеккен қала тұрғындарымен кездесіп, қаланың қалпына келтірілетініне уәде берді. Сондай-ақ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Арыстағы жағдайға алаңдаушылық білдірді. Тұңғыш Президенттің төрағалығымен Қауіпсіздік кеңесінің отырысы өтіп, онда Арыс қаласындағы ахуал талқыланды.

Үкімет отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин жарылыс салдарынан көз жұмғандардың туған-туыстарына көңіл айтып, тұрғындарға барлық көмек көрсетілетінін айтты. Келтірілген залалдың көлемі бағаланып, Үкімет резервінен ақша бөлінеді.

Эвакуациялау кезінде мыңнан астам ата-ана баларынан көз жазып қалды. Сәбилердің барлығы туыс-туғандарына дін-аман тапсырылды.

Факті бойынша қылмыстық іс қозғады.

Қаладағы төтенше жағдай жолаушылар пойыздарының кестесіне де әсер етті, оның ішінде халықаралық пойыздар бар.

25 маусым, сағат 12.00-дегі жағдай бойынша әскери бөлім аумағында жарылыстар тоқтады. Дегенмен, оқ-дәрілер сақталатын қоймалардың аумағында бықсыған оттың ошақтары байқалғандықтан, ҚР Ішкі істер министрлігі жарылыстардың қайталану қаупі сақталып отырғанын ескертті.

Осы уақытта ҚР Қорғаныс министрлігінің әскери-инженерлік қызметшілері Арыс қаласын минадан тазалау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Снарядтардың дені тұрғын үй алқаптарына түскен.

Арыс тұрғындарына көмек қолын созу мақсатында елімізде «Арыс, біз біргеміз» акциясы бастау алды.

27 маусым, кешкі уақыттағы жағдай бойынша, Арыста өрт ошақтары толығымен сөндірілді. Бұл туралы журналистерге арналған брифингте мәлім етілді. Оған Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев, «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев, ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Бақыт Құрманбаев, ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер, еліміздің бас санитары Жандарбек Бекшин, прокуратура және ветеринария саласының өкілдері қатысты

«Қаладағы негізгі көшелер мен алаңдардың бәрі тексеріліп, тазаланды. Сапер мамандарымыз 500-дей снаряд қалдығы мен жарылғыш заттарды тауып, залалсыздандырды. Қорғаныс министрлігі тарапынан тұрғындардың қауіпсіздігін сақтау бағытында тиісті шаралар атқарылуда. Енді біз қаладағы барлық үйдің ауласын толық тексереміз. Дәл қазір қалаға ешкімді кіргізе алмаймыз. Бұған тұрғындардың түсіністікпен қарауын өтінеміз. Арыстықтардың қауіпсіздігі басты назарда болуы тиіс», - деді Бақыт Құрманбаев.

Бас санитарлық дәрігер қалада радиацияның мөлшері қалыпты нормада екенін айтты. Қоғамдық орындар, қоқыс контейнерлері, нысандар толық тазаланып, дезинфекция жүргізіледі. Жарылған қоймада радиоактивті оқ-дәрілер болмағанын Қорғаныс министрлігі де мәлім етті. Қоймаларда болжаммен 30-50 жарылыс болды. Қорғаныс вице-министрі Тимур Дандыбаев стратегиялық арсенал неліктен Арыстағы тұрғын үй кешеніне жақын орналасқанын түсіндірді.

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің сөзінше, арыстықтар үйлеріне аптаның соңында орала алады.

Соңғы жаңалықтар