Елордадағы жүйке жүйесі бұзылған балалар стационары жөндеуге мұқтаж

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Мәжіліс депутаттары елордадағы балаларды оңалту орталығына барды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Елордадағы «Нұрлы жүрек» әлеуметтік қызмет көрсету орталығын қосымша қаржыландыру қажет.

Ғимаратқа көптен бері күрделі жөндеу жұмысы жүргізілмеген.

Сонымен қатар, қызметкерлердің жұмысы ауыр болғандықтан соған лайықты жоғары төлемді талап етеді.

Парламент Мәжілісінің депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері осындай шешімге келді.

«Нұрлы жүрек» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы психоневрологиялық патологиясы бар 3 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға арналған.

Бұл жерде балаларға стационар және жартылай стационар жағдайында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетеді.

Мәжіліс депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Жамиля Нұрманбетова, Лариса Павловец және Бауыржан Сартбаев стационарға барып, мекеме басшылығы және ұжымымен кездесті.

Мұнда халық қалаулылары ерекше балалар үшін қандай жағдай жасалғанымен танысты.

«Жөндеу жұмыстарын жүргізіп, желдету және бейнебақылау жүйелерін, өртке қарсы жүйені орнату қажет. Сумен жабдықтау мәселесі де бар. Сонымен қатар, қызметкерлердің жалақысын көбейту қажет. Биыл 1 маусымнан бастап олардың жалақы көтерілді. Бар болғаны 30% ғана. Бұл шамамен 18-20 мың теңге. Қазір ауысыммен жұмыс істейтін мамандар барлық аударымдарды шегергеннен кейін айына шамамен 180 мың теңге алады. Күндіз жұмыс істейтіндер одан сәл аз. Олардың жұмысы өте қиын, сондықтан да жалақыны одан да көбейту керек. Біз бұл мәселелерді қала әкімдігі шешіп берсе дейміз», - деді орталық директоры Нұрбол Зұлқарнаев.

Мәжіліс депутаты Лариса Павловец «Нұрлы жүрек» орталығының түйткілді мәселелері қысқа мерзімде мәслихат пен қала әкімі алдында көтерілетінін айтты.

«Бұл жерге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет. Осындай орталықтардың барлық кабинеттері бейнекамерамен жабдықталуы керек. Өкінішке қарай, білім басқармасы мен қаланың әлеуметтік қорғау басқармасы бұған назар аудармайды. Қызметкерлерді қайта қарап, педагог санын көбейту керек. Қазір бір мұғалімге 5-6 баладан келеді, алайда бұл жеткіліксіз. Бұл өзгерістерді жүзеге асыру үшін меценаттармен және еріктілермен де жұмыс істеу керек, - деді Л.Павловец.

Орталықта күрделі жөндеуден бөлек, медициналық жабдықтар мен спорттық құрал-жабдықтарды жаңарту қажет. Ол туралы мәжілісмен Бауыржан Сартбаев атап өтті.

«Мұнда көп нәрсе ескірген және жаңартуды қажет етеді. Қызметкерлер алатын жалақы мөлшері аз. Олардың жалақысы соңғы уақытта 30 пайызға өсті, дегенмен бұл айтарлықтай жетістік емес. Жақын арада біз бұл мәселені көтеріп, өз тарапымыздан қосымша қаражат бөлуге ықпал етеміз», - деді ол.

Өз кезегінде Мәжіліс депутаты Жамиля Нұрманбетова халық қалаулылары инклюзивті қоғам құруға ерекше көңіл бөлетінін атап өтті.


Соңғы жаңалықтар