Елордадағы жәрмеңке: Түркістан облысының шаруа қожалықтары өнімдерін делдалсыз өткізуде

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордадағы жәрмеңкеде Түркістан облысының шаруа қожалықтары өз өнімдерін делдалсыз өткізіп жатыр. Бұл туралы Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін елордадағы«Хан Шатыр» сауда ойын-сауық орталығының жанында Түркістан әкімдігінің ұйымдастыруымен ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі басталды.

Нұрбек Бадырақовтың сөзіне қарағанда, осы жәрмеңкеге Түркістан облысынан жеке қосалқы шаруашылықтар және жылына екі-үш өнім алу жобасына енген шаруа қожалықтар 447 тонна өнімін ұсынып отыр. Оның ішінде 266 тоннасы - көкөніс әрі бақша дақылдары, 30 тоннасы - жеміс-жидек, 72 тонна ет, 42 тонна сүт өнімі, 10 тонна балық және басқа да өнімдер бар.

Түркістан облысы әкімдігі негізгі өнімдер бойынша елордадағы бағаға да талдау жасаған. Сәйкесінше, өңірден жеткізілген өнімнің бағасын төмендетіп саудалауда.

«Жәрмеңге жеткізілген өнімдер нарықтағы бағадан 20 пайыз арзанға өткізілуде. Жеке қосалқы шаруашылықтар өз өнімдерін сатуда кедергілерге тап болады. Осы орайда көп делдалдар табысын пайдаланып жатыр. Сондықтан бүгінгі жәрмеңкеде Түркістан облысынан 73 шаруа қожалығы өз өнімін тікелей елорда тұрғындарына өз бағасымен саудалауда», - дейді басқарма басшысы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Түркістан облысынан Нұр-Сұлтан қаласына ауылшаруашылық өнімдері тиелген 34 жүк көлігі жол тартты.


Соңғы жаңалықтар