Елордадағы жаңа мешіттің алды үлкен саябаққа айналады – әкім

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нұр-Сұлтан қаасындағы жаңа мешіттің кіреберіс аллеясының алдында қоғамдық кеңістік ашылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат елорда әкімі Алтай Көлгіновтің әлеуметтік желідегі парақшасына сілтеме жасап.

Оның жазуынша, қазір бұл жерде аббаттандыру жұмысы жүріп жатыр. Бұл қоғамдық кеңістік қала тұрғындары мен қонақтары үшін уақытты тиімді өткізуге болатын тартымды орындардың біріне айналады. Қоғамдық кеңістік Мәңгілік Ел, Қабанбай батыр даңғылдары және Сауран, Хусейн Бен Талал көшелерінің бойында орналасқан.

«Орталық аллеяда ұзындығы 300 метр болатын субұрқақ орналасқан, сол сияқты көлеңкелі шатырлар, шағын сәулет нысандары орнатылады әрі маңайы ауқымды түрде көгалдандырылады. Жаяу серуендеу, демалысты тыныш орында өткізу жағдайы, көлік тұрақтары және т.б. орындар қарастырылған. Жыл сайын аумақты қосымша көгалдандырып, қоғамдық кеңістікті жақсартатын боламыз. Ол кезең-кезеңімен абаттандырылған үлкен саябаққа айналады», деп жазды шенеунік.

Мешіттің өзіне келетін болсақ, ол еліміздегі және Орталық Азиядағы ең үлкен мешіт болып есептеледі. Негізгі күмбезінің биіктігі – 90 метр, мұнаралары – 130 метр. Мешіттің сыйымдылығы 30 мың адамға арналған. Мешіттің құрылысы демеушілік қаражат есебінен жүргізіліп жатыр.



Соңғы жаңалықтар