Елордадағы тұрғын үйлерге қашан су жеткілікті мөлшерде беріледі – Жеңіс Қасымбектің жауабы

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек қашаннан бастап тұрғын үйлерге су қалыпты мөлшерде берілетінін мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Маусым айынан бастап біз жаңа ауыз су станциясын (ССС-3) кезең-кезеңімен қолданысқа бере бастаймыз. Алдымен іске қосу әрі жөндеу жұмысы жүргізіліп, жүйені тексереміз, содан кейін күніне 35 мың текше метр су береміз. Тамыз айында күніне 105 мың текше метр су беретін мөлшерде іске қосуды жоспарлап отырмыз. Бұл қаладағы сумен жабдықтау мәселесін толығымен шешуге мүмкіндік береді», - деп жазды шаһар басшысы өзінің Іnstagram парақшасында.

Мұнымен қатар, Жеңіс Қасымбек алдағы жылыту маусымына қатысты мәселелерге тоқталды. Оның дерегінше, қала аумағында салынып жатқан тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар саны артып келеді. Мұның барлығы тіршілікті қамтамасыз ету жүйесінің нысандарына үлкен күш түсіреді.

«Аталмыш мәселені шешу үшін осыған дейін екі газ жылыту станциясының («Тұран», «Оңтүстік-Шығыс») құрылысы басталған болатын. Сондай-ақ, ЖЭО-3 бойынша да жұмыс жүріп жатыр. Ол құрылысы ұзаққа созылған нысанға айналды. Осы нысандардың құрылысын аяқтап, 2023-2024 жылыту маусымына олардың қуатын ескере отырып, іске қосуды міндеттедім. Мердігерлер жауапкершілікті толықтай білуі керек», - деп мәлім етті Жеңіс Қасымбек.


Соңғы жаңалықтар