Елордадағы стационарлардың бірінен КВИ-дан соңғы пациент жазылып шықты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов елордадағы ауруханалар бұрынғыша жоспарлы медициналық көмек көрсету тәртібіне көше бастағанын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бір апта бұрын 3 аурухана, атап айтқанда: № 1 және 2 көпсалалы қалалық балалар ауруханасы, № 2 көпсалалы аурухана жоспарлы медициналық көмек көрсетуді бастап кеткен болатын. Тағы бір стационардан кеше соңғы пациент жазылып шықты. Жақын күндері орталық өз пациенттерін жоспарлы түрде қабылдайды. 3 тамыздан бастап барлық калалық емханалар жоспарлы медициналық көмек көрсетуді бастайды. Тамыздың 17-не дейін біртіндеп босап жатқан стационарлар санын қысқарту есебінен (жұқпалы ауруханадан басқа) барлық ауруханалардың толық жұмыс жасауын қамтамасыз етеміз», - деді Алтай Көлгінов Үкімет отырысында.

Әйтсе де әкімнің айтуынша инфекциялық және провизорлы стационарлар қажет жағдайда жеткілікті орындарымен қайта ашылуға дайын болады.

«Карантиннен кейінгі індетпен күресу іс-шараларына келсек, тұрғындар арасында қатаң карантин шараларын сақтау қажеттілігі туралы түсіндіру қарқынды жүргізілуде. Қоғамдық көлікке және халық көп жиналатын объектілерге маскасыз жүрген адамдар жіберілмейтін болады. Адам көп жиналатын орындарда, барлық ұйымдар мен мекемелерде – ара-қашықтықты сақтау сызбаларын орнату, дезинфекция жасау, санитайзерлер және ескертпе қою міндетті талап. Осы қарапайым санитарлық талаптар қатаң түрде сақталған жағдайда ғана, ұзақ мерзімге созылу қаупі бар індетті жұқтырып алмау мүмкіндігі барынша арта түседі», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар