Елордадағы орталық стадионның орнына жаңа стадион салынады

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордадағы Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы орталық стадионның орнына жаңа стадион салынады. ҚазАқпарат тілшісінің сауалына жауап берген Нұр-Сұлтан қалалық Құрылыс басқармасының баспасөз қызметі осылай деп мәлім етті.

Басқарма мәліметінше, осыдан 2 жыл бұрын стадионға техникалық тексеру жүргізілген. Нәтижесінде нысанның апатты жағдайда тұрғаны анықталған. Атап айтқанда, құрылыс конструкциялары тозған.

«Сонымен қатар стадионға былтыр да қосымша техникалық тексеру жасалды. Қорытындысында нысан құлау қауіпінің алдына тұрғаны белгілі болды. Оның қабырғалары мен басты тірек бағаналары тозған.

Осыған байланысты қолданыстағы стадионның орнына жаңа стадион салу жоспарланған. Бүгінде жаңа стадионды жобалауға қатысты жүргізілген кешенді сараптама нәтижесінде құрылысқа рұқсат берілді.

Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында объект енді пайдаланылмайды. Сондай-ақ, оған іргелес аумақтарға кіру шектеледі. Стадионның техникалық жағдайына қосымша тексеру жүргізу туралы шешім төтенше жағдайлар департаментіне қатысты тергеуден кейін белгілі болады», - деп хабарлады Құрылыс басқармасының баспасөз қызметі.

Еске сала кетейік, елордадағы орталық стадионды жарамсыз деп тану үшін Нұр-Сұлтан қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің басқарма басшысы пара алды деген күдікке ілінген болатын.



Соңғы жаңалықтар