Елордадағы Мұстафа Кемал Ататүріктің ескерткішіне гүл шоқтары қойылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін елордада Түркия Республикасының негізін қалаушы ұлы қайраткер Мұстафа Кемал Ататүріктің ескерткішіне гүл шоқтары қойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл шараға Халықаралық Түркі Академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, Түркияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Невзат Уянык, сондай-ақ басқа да ұйымдардың өкілдері қатысты.null

Айта кетсек, бүгін Түркиядағы Мұстафа Кемал Ататүрік бастаған ұлт-азаттық күрестің басталуына 100 жыл толды.

1919 жылдың 19 мамырында тәуелсіздік үшін күрескен ұлттық-революциялық қозғалыс лидері Мұстафа Кемал Ататүрік 9-ыншы армияның инспекторы ретінде Самсунға келіп, шетелдік интервенцияға қарсы мобилизация жариялады. Бұл күн Түркияның азаттығы үшін соғыстың ресми басталған күні болып саналады. Сол кезде Түркия мен Грекия соғысып жатқан болатын. Кейіннен Ататүрік сөйлеген сөздерінің бірінде 19 мамырды өзінің туған күні деп жариялады (оның нақты туған күні белгісіз).

Тәуелсіздік үшін ұлттық қозғалыстың негізін жастар құрағандықтан, 1938 жылдың 20 маусымы күні 19 мамырды Жастар және спорт күні ретінде белгілеу туралы заң шықты.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Халықаралық Түркі академиясы Түркиядағы Мұстафа Кемал Ататүрік бастаған ұлт-азаттық күрестің 100 жылдығына арнап ауқымды шара өткізді.

2009 жылдың қазан айында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Астанада Түркия Республикасының негізін қалаушы Мұстафа Кемал Ататүрікке арналған ескерткіш ашылған еді.

Мұстафа Кемал Ататүріктің ескерткіші Ж. Тәшенов көшесі бойындағы саябақта орнатылған. Қоладан жасалған ескерткіштің тұғыры граниттен қаланған. Биіктігі 4,4 метр, салмағы 5,5 тонна.

Соңғы жаңалықтар