Елордадағы мектеп асханаларынан кеміргіштер мен шыбындар табылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қалалық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Сәдуақас Байғабұлов елорда мектептерін тексеру қорытындысын жария етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елордада жыл басынан бері 18 мектептің асханасы тексерілген. 

Белгілі болғандай, көп жағдайда азық-түліктерді сақтау шарттары сақтала бермейді. Мәселен, № 1, 17, 30, 45 мектептерде (жеткізушілер «Үміт НТ» ЖШС, «Заяц» ЖК, «Дуйсенгалиева ИП» ЖШС) шикі ет сүт өнімдерімен, ірімшікпен және жеміс-жидекпен бір жерде сақталған.

Сонымен қатар, тыйым салынған өнімдер - балаларға жеп-ішуге арналғаны көрсетілген заттаңбасы жоқ шұжықша мен сусындар №№ 69, 30, 32 мектептерде анықталған («Болганбекова» ЖК, «Заяц» ЖК).

Бұдан бөлек, № 45 және 17 мектептерде желдеткіш дұрыс жұмыс істемей, сорғы шатырдың жоқтығы, шаң-тозаңнан қорғайтын вентиляциялық тор мен каналдардың тазартылмайтыны белгілі болған.

Шыбындар мен кеміргіштердің анықталуы № 66, 78 және 69 мектептерде дезинфекциялық тазарту жұмыстары уақтылы жүргізілмейтінін көрсетіп отыр («Дауров» ЖК, «Отандастар» ЖШС¸ «Болганбекова» ЖК).

№ 1, 14, 40, 41, 78 мектептерде («Үміт НТ» ЖШС, «Заяц» ЖК, «Отандастар» ЖШС, «Сафронова» ЖК) дайын және шикі өнімдерден тамақ дайындау бойынша таңбаланбаған инвентарь қолданылатыны анықталды.

Белгілі болғандай, тамақ бойынша лабораториялық зерттеуге арналған 45 сынаманың 15,5 пайызы қауіпсіздік талаптарына сай келмеген. Яғни, олардағы мәнтіден, кеспе мен палаудан ішек таяқшасы анықталған. Бұл жағдай № 45, 40, және 69 («Дүйсенғалиева ЖК» ЖШС, «Сафронова» ЖК, «Болганбекова» ЖК) мектептердегі асханаларда жеке гигиена сақталмайтынын көрсеткен.

Қолданыстағы дезинфекциялаушы құралдардың 26 пайызы №№ 1, 17, 21, 37, 43, 48, 49, 65, 76, НЗМ («Умит НТ» ЖШС, «Астана Аркадия XXI» ЖШС, «Торе-М Лимитед» ЖШС, «Алыбаева» ЖК, «Женис транссервис» ЖШС) мектептерінде талаптарға сай келмейтіні анықталған.

Тексеру қорытындысы бойынша жалпы сомасы 432 900 теңгені құрайтын 18 айыппұл салынған. Астана мектептеріндегі тексеріс жұмыстары әлі де жалғасуда.

Соңғы жаңалықтар