Елордадағы LRT құрылысы қашан аяқталатыны белгілі болды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордада жеңіл рельсті көлік құрылысы (LRT) бойынша жоба 2020 жылдың күзінде аяқталады. Бұл туралы халықпен есеп беру кездесуінде ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары-Қаржы министрі Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елордадағы жеңіл рельсті желіні салу үшін кезінде Қытайдың Мемлекеттік даму банкінен 1,5 млрд доллар займ тарту ескерілген еді. Оның ішінде 344 млн доллары құрылыс жұмыстарында игерілді. Қазіргі уақытта мердігерлерге байланысты проблемаларға орай қаржыландыру тізбесін қайта қарастыру шешімі қабылданды. Себебі Қытай банкі осы желі бойынша қаржыландыруды уақытша тоқтатты», - деді Смайылов.null

Бұл тұрғыда, ол аталған банктің займын қайта қаржыландыру үшін елорда әкімдігі ұсынысы Үкіметте талқыланғанын атап өтті.

«Қазіргі уақытта ішкі нарықта 1,5 млрд доллар сомаға LRT Астана облигацияларын шығару бойынша дайындық жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде 344 млн доллар бұдан бұрын алынған қарызды жабуға бағытталады, ал қалған 1,2 млрд доллар LRT құрылысына бағытталады. Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің мәліметінше, жобаға қатысты құрылыс жұмыстары 2020 жылдың 1 қыркүйегіне қарай аяқталады. Яғни, олар алдағы жылы жобаны тапсыруға уәде беруде», -деді Үкімет басшысының бірінші орынбасары.

Бұдан бұрын хабарланғандай, LRT -ның құрылысы уақытша тоқтатылған болатын.

Сонымен қатар, биыл көктемде Әлихан Смайылов елордада жеңіл рельсті көлік құрылысы (LRT) бойынша жоба жалғасын табатынын айтқан еді.

Соңғы жаңалықтар