Елордадағы кинотеатрлар мен қонақүйлерде егу пунктері ашылуы мүмкін

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада «Ashyq» жүйесінің қағидаты бойынша жұмыс істейтін нысандар тізімі кеңейтіледі. Бұл жайында Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Instagram парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Кәсіпкерлеріміз әлеуметтік жауапкершілік танытып, егу пункттерін арттыру үшін өз алаңдарын ұсынып отырғаны қуантады. Мысалы, Нұрлан Смағұлов «Mega Silk Way» СОО кинотеатрларын егу пунктеріне жабдықтауды ұсынды. Сондай-ақ қонақ үй иелерінен ұсыныстар түсті. Қаланың санитарлық дәрігеріне, басқармаларға барлық қажет инфрақұрылымды дайындауды тапсырдым», - деді Алтай Көлгінов.

Оның атап өтуінше, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес шағын және орта бизнес өкілдеріне қолдау көрсетіледі. Мысалы, бейінді ведомстволар бірқатар кәсіпкерлік объектілеріне QR-код беруге, кіреберісте келушілердің эпидстатусын сканерлеуге мүмкіндік беретін «Ashyq» мобильді қосымшасын іске қосты. Осылайша, қатаң санитарлық нормаларды сақтай отырып, кәсіпкерлік объектілері өз қызметін қайта бастады.

«Ashyq» жүйесінің қағидаты бойынша жұмыс істей алатын объектілер тізімін кеңейтуді жоспарлап отырмыз», - деді қала басшысы.

Сонымен қатар Алтай Көлгінов Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, бейінді органдар ШОБ-тың салықтар мен кредиттер бойынша төлемдерін кейінге қалдыру, салықтық және кедендік берешекті мәжбүрлеп өндіріп алуды тоқтата тұру сынды қосымша іс-шараларды қабылдау жұмысын жүргізіп жатқанын айтады.


Соңғы жаңалықтар