Елордадағы кәсіпқой бокс кеші: Иван Дычконың қарсыласы анықталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 18 желтоқсан күні Нұр-Сұлтанда өтетін бокс кешінде қазақстандық Иван Дычконың (10-0, 10 КО) кіммен жұдырықтасатыны белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Sports.kz сайтына сілтеме жасап.

Промоутер Зия Әлиевтің ақпаратынша ауыр салмақтағы боксшымыздың оппоненті 44 жастағы ресейлік Александр Устинов (36-5-1, 27 КО) болады. А.Устинов бұған дейінгі жекпе-жегін биылғы қыркүйекте өткізді. Ол WBC Asia титулы үшін айқаста Владислав Сиренкодан (18-0, 15 КО) белгіленген раундтардың соңына жетпей жеңіліп қалды. Сондай-ақ Александр профибокс мансабында түрлі нұсқалар бойынша екінші дәрежелі және өңірлік титулдардың үміткері және иегері болды.

И.Дычкоға келсек, ол мұның алдындағы айқасын биылғы шілде айында өткізді. Ол ресейлік Денис Бахтовты (39-19, 26 КО) бірінші раундта нокаутқа жіберді.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, 18 желтоқсан күні Нұр-Сұлтан қаласында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған кәсіпқой бокс кеші өтеді.

Кештің басты оқиғасы жартылай орта салмақтағы Данияр Елеусіновтің (10-0, 6КО) және ауыр салмақтағы Иван Дычконың (10-0, 10 КО) жекпе-жектері болады.

Олимпиада чемпионы Д.Елеусінов бірден екі титул: IBF Inter-Continental нұсқасы бойынша әлем чемпионы және IBO титулы үшін қолғап түйістіреді. Оның қарсыласы әзірге аталған жоқ.

Бұл күні рингке сондай-ақ, Данияр Елеусіновтің інісі Дәурен Елеусінов (8-1-1, 7 КО) шығады.

Профибокс кеші «Хабар» телеарнасынан көрсетіледі.


Соңғы жаңалықтар