Елордадағы караоке барда түнде 200 адам жүрген

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елорданың Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын қадағалау басқармасы, әкімдік қызметкерлері, еріктілер және полицейлерден құрылған мониторинг топтары карантин режимін сақтауға қатысты рейд өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қала тұрғындары бірқатар шектеу шаралары белгіленген қолданыстағы қаулыға қарамастан көңіл көтеру мекемелеріне барудан бас тартпай отыр.

Демалыс күндері полиция департаменті бөлімшелерінің қызметкерлері қаладағы Тауарлар мен көрсетілетін қызмет сапасын қадағалау басқармасының қызметкерлерімен бірлесіп, 95 кәсіпкерлік нысанын тексеріп, 12 карантин режимін бұзған фактіні анықтады.

Осылайша, кеше сағат 22:30-да мобильді топтар «Что будет дальше?» караоке барының жұмыс кестесін сақтамай, келушілерді қабылдау фактісін анықтады. Бардың ішінде 200 адам болған. Көңіл көтеріп жүрген жастар маска тақпай, әлеуметтік қашықты мүлдем ұмытқан.

Карантин режимін тек ойын-сауық мекемелерінің иелері ғана бұзып жүрген жоқ. Түнгі рейд барысында мобильді топ тыйым салынған уақытта жұмыс істеп тұрған компьютер клубтары мен дүкендерді анықтады.

Карантин режимін сақтамаушыларға қатысты жиналған материал ҚР Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы кодекстің 425-бабы бойынша Тауарлар мен көрсетілетін қызмет сапасын қадағалау басқармасына жіберілді.

Қалалық полиция департаменті карантин тәртібін бұзушылар қазіргі заңнамаға сәйкес жауапқа тартылатынын ескертіп отыр.


Соңғы жаңалықтар