Елордадағы ірі жол апаты: Автобус жүргізушісі 30-дан астам адамды құтқарған

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордада екі күн бұрын автобустардың соқтығысуынан болған жол апатында қоғамдық көлік жүргізушісі 30-дан астам адамды құтқаруға көмектесті. Бұл туралы «Astana LRT» ЖШС баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атап өтілгендей, Бақдәулет Әлібек №1 автобус паркінің жүргізушісі.

«Бақдәулет Әлібек ел астанасында болған ірі жол апатынан зардап шеккен 30-дан астам жолаушыға бірінші болып көмек көрсеткендердің бірі. Бақдәулет өзінің бағдары бойынша жүріп келе жатқан кезде апат болғанын көреді. Көмекке мұқтаж адамдарды көрген ол, саспай, автобусты тоқтатып, өз жолаушыларынан бірлесіп көмек көрсетуін сұрады. Үш адамның көмегімен ол есігі ашылмай қалған автобустан адамдарды шығарған. Есіктерді ашып, адамдарды алып шыға алды. Олардың арасында әртүрлі ауырлықтағы жарақаттар алған адамдар болған еді», - делінген хабарламада.

Бақдәулеттің айтуынша, ол автопаркте өткен қауіпсіздік нұсқауларын орындаған. Сондықтан осындай жағдайларда қалай әрекет ету керектігін білген.

«Біз Бақдәулетке белсенділігі мен ұйымдастырушылық қабілеті үшін алғыс білдіреміз», - деді компаниядан.

Айта кетейік, осыдан екі күн бұрын елордада үлкен жол-көлік апаты болды. Қала маңына қатынайтын 301-ші бағдардың экспресс-автобус қатты жылдамдықпен бағдаршамда тұрған 12-інші автобусқа соғылды. Өз кезегінде 12-автобус екпінмен жедел медициналық жәрдем көлігі мен тағы бір автобусқа соғылды.

Салдарынан 301-ші бағдардың жүргізушісі және алдыңғы орында отырған бір жолаушы көз жұмды. 36 адам зардап шекті.

«Astana LRT» басшысы Бекмырза Игенбердиновтың айтуынша, зардап шеккендерге өтемақы төленеді.

Соңғы жаңалықтар