Елордадағы Есіл өзенінде балық қырылған жоқ - министрлік

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Кеше әлеуметтік желіде Есіл өзенінің «Серуен» жаяу жүргіншілер көпірі маңында балық жиналып қалғаны туралы ақпарат жарияланды. Осыған байланысты Экология, геология жəне табиғи ресурстар министрлігі мәлімет таратты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ведомствоның мәліметінше, сол күні «Ақмола облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аймақтық инспекциясы» РММ Астана инспекциясы бөлімінің инспекторлары Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «ЖасНұр» ӨШК өкілдерімен бірлесіп, су айдынын тексеріп шыққан.

Шолып шыққан қызметшілер айтылған орыннан жас балықтың жиналғанын байқаған, бірақ өлі балық табылмады.

2020 жылдың 13 мамырында «Ақмола облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аймақтық инспекциясы» РММ Астана инспекциясы бөлімінің инспекторлары Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «ЖасНұр» ӨШК өкілдерімен, сонымен қатар «Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС солтүстік филиалымен бірлесіп Есіл өзені акваториясының жағалауы мен жаяу жүргіншілер көпіріне тексеру жүргізді. Балық жиналып қалған орындарда өлген балық табылмады, сонымен қатар, судың зиянды заттармен ластанғаны да байқалмады. Нұр-Сұлтан қаласы экология департаменті судан сынама алды.

Есіл өзенінің ихтиофаунасына мониторинг жасау жалғасып жатыр.

Айта кетсек, балықтар уылдырық шашып, көбейіп жатқанына байланысты 20 сәуір мен 20 мамыр аралығында Есіл өзені мен оған құятын салаларда балық аулауға тыйым салынған.


Соңғы жаңалықтар