Елордадағы Достық үйінде қайырымдылық орталығы ашылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордадағы Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының «Парасат» қайырымдылық орталығы ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Elorda Info сайтына сілтеме жасап.

«Бұл орталықтың ерекшелігі, мұнда біз мұқтаж жандарға қаржылай көмек бермейміз. Бірақ сол көмекті қалай алуға болатын жолдарды көрсетеміз. Мәселен, жақында бізге бір ана келді. Мүгедектігіне байланысты ешқандай жұмысқа орналаса алмай жүр екен. Ол келіншекті осы мекемедегі тігін курсына шақырып, соның қыр-сырын үйреттік. Нәтижесінде ол енді тапсырыстар қабылдап, табыс таба бастапты», - деді Ассамблеяның Нұр-Сұлтан қалалық филилалы хатшылығының меңгерушісі Ләззат Құсайынова.

Оның айтуынша, қандай да бір қиындыққа тап болған азамат орталыққа келіп, кеңес ала алады.

«Қазіргі заманда көп адамдар психологиялық көмекке мұқтаж. Стреске жиі ұшырайды, айналасынан жанашыр көзқарас іздейді, өзіне назар аударғанды қалайды. Мұндай жандарға да барынша жәрдем еткіміз келеді», - дейді ол.

Айта кетейік, бүгінде Достық үйінде әйелдердің қолөнер туындыларына арналған «Аналар аманаты» орталығы жұмыс істейді. Онда келушілер түрлі шеберлік сыныптарына тегін қатыса алады.

Алдағы уақытта мекеме жанынан «Мәміле» тілдік курсы мен коворкинг орталық ашылмақ.

Соңғы жаңалықтар