Елордадағы балконы «қисайған» үй мамыр айында жөнделеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордадағы балконында жарық пайда болған «Орбита» тұрғын үй кешенінің қасбетін қайта жөндеу жұмыстары келесі жылдың мамыр айында басталады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Алтынбек Қайсағалиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұған дейін елордадағы көпқабатты үйлердің бірінің едені дірілдеп, балконы «қисайып» кеткенін жазған болатынбыз.

«Бүгінгі таңда тиісті шаралар қабылданды. Қаражат бөлініп, техникалық тексеру жүргізілді және жоба жасалып жатыр. Келесі жылдың мамыр айында тұрғын үй кешенінің қасбеті, балконы түгелдей қайта жөнделеді», - дейді Алтынбек Қайсағалиев.

Оның айтуынша, қайта жөндеу үшін қаражат қарастырылуда, бұл туралы әкімнің қаулысы бар.

«Бұйрыққа қол қойылды. Біз бұл мәселені шешеміз. Ол шешім оқиға БАҚ-та жарияланғанда, кеше немесе бір апта бұрын шыққан жоқ. Бұл шешім ертеректе, әкім осы нысанға барған кезде шықты. Өздеріңіз білетіндей, қала әкімі Алтай Көлгінов проблемасы бар нысандарды өзі аралайды. Ол сол кезде шешім қабылдап, қаражат бөлу туралы шешім шығарған», - деді ол.

Бүгінгі таңда бұл үйде 340 отбасы тұрып жатыр. Әкім орынбасарының айтуынша, балконды тексеру жұмыстары жүргізілуде.

Еске сала кетсек, елорда әкімдігі балконы «қисайған» көпқабатты үй туралы пікір білдірген. Сондай-ақ, елордалық қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы басшысының орынбасары Дәулет Досқұлов «Орбита» тұрғын үй кешенінде тұру қаншалықты қауіпсіз екенін айтқан болатын.

Соңғы жаңалықтар