Елордадағы балабақшаларда тамақтандыру тарифіне қатысты ұсыныс енгізілмек

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Нұр-Сұлтан қаласының Білім басқармасы» ММ басшысы Қасымхан Сенғазыев балабақшаларда тамақтандыру тарифтеріне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бірыңғай ас мәзірі әзірленді. Бұған дейін әр балабақшада өзінің ас мәзірі болатын, қазір қала бойынша бірыңғай болды. Жалпы, 96 мектепте 196 мыңнан астам оқушы білім алып жатыр. Оның ішінде бастауыш сынып оқушылары 100 пайыз тегін ыстық тамақпен қамтылған», - деді Қ. Сенғазыев қалалық мәслихаттағы тұрақты комиссияның отырысында.

Оның айтуынша, қазіргі кезде бір баланы тамақтандырудың құны күніне 449 теңге. Осы саладағы сапаны бақылауды күшейту үшін әр мектепте тиісті комиссия құрылды.

«Комиссия келіп түскен тамақ өнімдерінің сапасын, тағамдарды даярлау технологиясын, өнімдерді сақтау мерзіміне мониторинг жүргізеді. Оның барысында ас мәзірін құру бойынша талаптарды бұзу, өнімдердің сертификаттарға сәйкес келмеуі анықталып отырады. Мониторинг барысында төрт мектеп директоры мен 13 балабақша қызметкері тәртіптік жазаға тартылған», - деді басқарма басшысы.

Оның сөзіне қарағанда, мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдарда тамақтандыру сомасы 16800 теңгені құрап отыр. Күніне бір балаға 857 теңге бөлінеді.

«Ал жекеменшік балабақшаларда 20 800 теңгені құрап, күніне 1040 теңге ескерілген. Атап айтқанда, тамақтандыру тарифтері 7 жыл бойы қаралмаған, соңғы тариф 2015 жылы бекітілген», - деді Қасымхан Сенғазыев.

Ұлттық статистика бюросының 2022 жылғы шілдедегі деректері негізінде Нұр-Сұлтан қаласы бойынша есептеулер жүргізілген.

«2-ден 3 жасқа дейінгі бала үшін 17 997 теңгені құрауы тиіс, яғни күніне 899 теңге болады. 3-6 жас аралығындағы жеткіншекке 24003 теңге қарастырылуы керек. Бұл тұрғыда күнінен бір балаға 1200 теңге бөлінуі тиіс. Қазіргі кезде көп балабақшада өнім жеткізушілері алдында біраз қарызы бар. 16 800 теңгеге баланы тамақтандыру қиынға түсіп отыр», - деді басқарма басшысы.

«Мемлекеттік және жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдарда тамақтандыру үшін ата-аналардың ақы төлеуі мәселесін қарастырып жатырмыз. Оны қала әкімдігімен және қоғамдық кеңеспен талқылауға ұсыныс жасайтын боламыз», - деді Қасымхан Сенғазыев.


Соңғы жаңалықтар