Елордадағы автобус апаты: Зардап шеккендер сотқа арыз түсіргелі отыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 26 наурызда тіркелген 301-автобустың апатына қатысты тергеу амалдары 26 маусымда аяқталады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Екі адам қайтыс болды. 33 адам медициналық мекемеге жеткізілді. Біз 26 наурыз күні оқиға негізінде қылмыстық іс қозғадық. Сот-дәрігерлік сараптамаға сәйкес, автобус жүргізушісі көлікті айдап келе жатып, апатқа жол берген. Қазіргі таңда іс бойынша тергеу мерзімі үшінші айға созылып кетті. 26 маусымға дейін тергеу әрекеттері жүргізіледі. Шешім қабылдағаннан кейін толыққанды ақпарат береміз», - деді Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаменті басшысының орынбасары Ғазиз Нұрқаев елордада өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, жол-көлік оқиғасынан зардап шеккендер сотқа арызданбақ.

«Сараптама жұмыстары медициналық құжаттарға сәйкес жүргізіліп жатыр. Себебі, зардап шеккендер ары қарай сотқа арыз түсіргелі отыр. Осыған байланысты, ем аяқталғаннан кейін барлық зардап шеккендердің медициналық құжаттарын тексеріп, сараптама тағайындадық», - деді ол.

Еске сала кетейік, 26 наурызда Ұлы Дала көшесінде үш автобус пен бірнеше жеңіл автокөліктің қатысуымен ірі жол апаты орын алған болатын. Сол күні автобус жүргізушісі Бақдәулет Әлібек 30-дан астам жолаушыға көмек көрсетті.

Соңғы жаңалықтар