Елордадағы 100 жаңа электробус жол ақысына әсер ете ме

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордаға сатып алынатын электробустар жол ақысы тарифіне әсер етпейді. Бұл туралы «Астана LRT» ЖШС басқарма төрағасы Бекмырза Игенбердинов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Кеше ғана 100 электробусты сатып алуға қатысты шартты бекіттік. Бүгінде елордада нақты 100-ге тарта автобус жетіспей жатыр. Жыл сайын біз паркті жаңартып тұруымыз керек. Тұрғындар саны артып келе жатқанын ескеру керек. Сонымен қатар, ескірген автобустар да аз емес», - деді Б. Игенбердинов баспасөз мәслихатында.

Оның сөзіне қарағанда, биылғы жылдың аяғына дейін 50 электробус жеткізіледі, ал 2020 жылдың бірінші тоқсанында қалған 50-і қаладағы бағдарларға қосылады.

«Елордадағы барлық парктерде 1 200-ге тарта автобус бар және олардың барлығы дизель отынымен жүреді», - деп нақтылады «Астана LRT» ЖШС басшысы.

Бұдан бөлек, Бекмырза Игенбердинов жаңа электробустарды сатып алудың нәтижесінде жол ақысының тарифтері өзгермейтінін атап өтті.

«Жол жүру ақысына ешқандай әсері болмайды. Парк жыл сайын жаңарып тұрады, сәйкесінше, жаңа автобустар жеткізіледі», - деді Б. Игенбердинов.

Бұдан бұрын хабарланғандай, жақында елордадағы қоғамдық көлік жүйесіне 100 жаңа электробуспен толығады.

12 метрлік автобустар төмен еденді болып келеді және 350 шақырым жол жүру қоры бар литий-темір-полимерлі батареямен жабдықталған. Батареяның қызмет ету мерзімі 10 жылды құрайды. Батареяға кепілдік – 7 жыл, электрқозғалтқышқа – 5 жыл.

Осы орайда «СарыарқаАвтоПром» компаниясы Yutong ZK6128BEVG электробустарымен қамтамасыз етеді. Бір электробустің құны 146, 7 млн теңге, бұл бүгінгі күнгі бағам бойынша шамамен 388 мың АҚШ долларын құрайды.

Ааталған қоғамдық көліктер ұлттық лизинг операторы «ҚДБ-Лизинг» АҚ арқылы автобус паркін отандық өндіріс техникасымен жаңарту бойынша мемлекеттік бағдарлама аясында сатып алынады. Лизинг мерзімі жылдық 7 пайыздық сыйақы мөлшерлемесімен 7 жылды құрайды.

Соңғы жаңалықтар