Елордада жылына 10 мың жүк машинасы мен арнайы техника шығарылмақ

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Астана – жаңа қала» АЭА индустриялық паркі аумағында орналасқан кәсіпорында жылына 10 мың жүк машинасы мен арнайы техника шығару көзделіп отыр. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Астана – жаңа қала» АЭА индустриялық паркі аумағында орналасқан жобаның жалпы құны – 8,8 млрд теңге. Алғашқы кезеңде кәсіпорында жылына 11 800 арнайы техниканың бөлшектерін құрастыру, сырлау және дәнекерлеу жұмыстары жүргізілді. Ал, екінші кезең толық іске қосылғанда жылына 10 мың толыққанды дайын жүк және мамандандырылған техника шығару көзделіп отыр», - делінген ҚР ИИДМ баспасөз қызметі таратқан мәлімдемеде.

2021-2025 жылдары жүзеге асырылатын жобаның қазіргі таңда екінші кезеңін іске қосуға дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев зауыт жұмысымен танысты. Министр кәсіпорынның ішкі нарықты арнайы техникамен толыққанды қамтамасыз етіп қана қоймай, экспортқа шығарылатын өнім көлемінің артуына да елеулі үлес қосатынына назар аударды.

Шетелдік инвестиция тарту арқылы іске қосылған зауыт қазір 250-ге жуық адамды жұмыспен қамтып отыр. Зауытта көлік құралдарын дәнекерлеу, бояу және құрастыру жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар, арнайы мамандандырылған техникалардың тестік сынамалары да жинақталады.


Соңғы жаңалықтар