Елордада жылу орталығы қызметкерлерінің айлығы 20% өсті

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Биыл астанада ЖЭО қызметкерлерінің жалақысы 20% көбейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл жайында қала әкімі Алтай Көлгінов Instagram парақшасында жазды.

«Бүгін ЖЭО қызметкерлерін Наурыз мерекесімен құттықтадым. Өздеріңіз білетіндей, бізде жылыту маусымы 8 айға созылады. Үйлерді жылумен қамтамасыз ету үшін кәсіби мамандар жұмыс істейді. Жылу электр орталықтарында қызмет ететін мамандардың жағдайын жасауға ерекше мән беріледі. Биыл ЖЭО қызметкерлерінің жалақысын 20%-ға көтердік. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қаладағы коммуналдық кәсіпорындарда жұмыс істейтін мамандардың жалақысы көтерілді» дейді шаһар басшысы.

Сонымен қатар, жылу электр орталықтарының жұмысын жақсартуға да баса мән беріледі: ЖЭО-1 және ЖЭО-2-дегі су жылыту қазандықтары толықтай газға ауыстырылды, ал ЖЭО-3 құрылысы қайта басталды.

Әкімнің айтуынша, тағы үш газ қазандығын жобалау жұмысы жүріп жатыр. Олардың қуаты сағатына 1 мың гигакалориядан асады, оның күші ЖЭО-3-тен де көп.

Аталмыш газ қазандықтары құрылысы жүріп жатқан жаңа аудандарды жылумен қосымша қамтамасыз етеді.

«Жақында ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевпен бірге «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығына бардық. Қарт кісілерді Наурыз мерекесімен арнайы құттықтадық. Бұл орталықта зейнеткерлерге әлеуметтік қызмет түрлері толықтай көрсетіледі. Мұнда Ұлы Отан соғысының ардагері Раиса Егоровна да бар. Биыл ол 96 жасқа толады. Ол кісіні арнайы құттықтап, мықты денсаулық тіледік» деп түйіндеді сөзін Алтай Көлгінов.


Соңғы жаңалықтар