Елордада жыл басынан бері 72 адам тамақтан уланды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы Елена Гартманның айтуынша, жыл басынан бері елордада 72 адам тамақтан уланған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Жыл басынан бері елордада қоғамдық тамақтану объектілерінде тамақтан улану жағдайлары тіркелді. Салдарынан 72 адам зардап шекті. Оның ішінде жасы 14-ке толмаған 3 бала бар. Күн райының жылынуына байланысты тағамды дұрыс сақтамаудың салдарынан улану жайттары жиілеп барады. Тамақтан улану белгілерінің инкубациялық кезеңі 30 минуттан 24 сағат аралығында байқалуы мүмкін. Дегенмен, көп жағдайларда улану белгілері 2-6 сағат аралығында айқын көрінеді. Науқастың бойында жүрек айну, құсу, диарея (іш өту), әлсіздік, ұйқы қашу, асқазан немесе ішек ауруы, бас ауруы, дене қызуының көтерілуі сиякты белгілер пайда болады. Жалпы сырқаттанудың кезеңі адам ағзасының жасына және жалпы жағдайына, бактериялардың немесе токсиндердің алуан түріне, қабылданған тамақ мөлшеріне байланысты. Ересектерге қарағанда кішкентай балаларда ауру ағымы әлдеқайда ауыр түрде өтетінін атап өту қажет», - дейді маман.

Сондай-ақ ол тамақтан уаланған жағдайда өздігінен ем жасау қауіпті екенін ескертеді.

«Осыған байланысты, елорданың санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті тұрғындарды өзін-өзі емдеумен айналыспауға, емдеу курсын тағайындау және ықтимал асқынуларды болдырмау үшін дәрігерге уақтылы жүгінуге шақырады», - дейді Елена Гартман.

Өткен айда Қостанай облысының Рудный қаласында колледж студенттерінің асханада жаппай улануына қатысты тексеру басталғанын жазған едік.


Соңғы жаңалықтар