Елордада жыл басынан бері 500-ден астам мас жүргізуші ұсталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Астанада жыл басынан бері 49 мыңнан астам жол қозғалысы ережелерін бұзу фактісі анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Көлікті мас күйінде басқарғаны үшін 500-ден астам жүргізуші ұсталды. Бағдаршамның тыйым салатын белгісіне өткені үшін 1200-ге жуық жүргізуші жауапкершілікке тартылды. 1500-ден астам автокөлік айыппұл тұрағына қойылды», - делінген баспасөз қызметінің мәлімдемесінде.

Сондай-ақ, апаттылық жағдай туғызғаны үшін 600 жүргізушіге әкімшілік шара қолданылған. 7 мыңнан астам жаяу жүргінші әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

«Полицейлер мүдделі мемлекеттік органдармен және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп, тұрақты негізде түрлі профилактикалық іс-шаралар өткізеді. Жыл басынан бері «Жарқын бол» және «Назар аударыңыз, балалар» акциялары, «Балалардың жолдағы қауіпсіздігі» жедел-алдын алу іс-шарасы ұйымдастырылды. Мектеп және мектепке дейінгі ұйымдарда жол қозғалысы ережелерін сақтау туралы 3000-ға жуық дәрістер, викториналар және әңгімелесу-түсіндіру жұмыстары жүргізілді», - деп хабарлайды ПД баспасөз қызметі.

Сонымен қатар, жас инспекторлар жасақтарының қатысуымен жүргізушілерге жаднамалар мен балалардың суреттерін тарату бойынша 65 акция ұйымдастырылды. 3500 данадан астам таралыммен үгіт насихаттың 20 түрі шығарылды.

«Қабылданып жатқан шараларға қарамастан, биыл елорда аумағында жол-көлік оқиғаларынан 30-ға жуық кәмелетке толмаған бала зардап шегіп, бір бала көз жұмды», - деп аталып өткен мәлімдемеде.

Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаменті жүргізушілерге жол қозғалысы ережелерін мүлтіксіз сақтауды ескертеді. Мектептер мен балабақшаларға жақын жерлерде, реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткелдерінде, қоғамдық көлік аялдамалары тұсында, әсіресе аулаларда өте мұқият болуды еске салады.

Айта кетейік, Ақмоладағы жол апатының дені жылдамдықты асырудан болған.


Соңғы жаңалықтар