Елордада жыл басынан бері 200 келіге жуық есірткі тәркіленді

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биыл 6 айдың ішінде Нұр-Сұлтан қаласында ескірткімен байланысты 393 қылмыс тіркелген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Биыл елордада 6 айдың ішінде 393 есірткі қылмысы анықталды. Заңсыз айналымнан 189,5 келі әртүрлі есірткі тәркіленді. Сондай-ақ, жыл басынан бері 4 есірткі зертханасы анықталып, жұмысы тоқтатылды. Ұсталғандар синтетикалық есірткіні үй жағдайында дайындап, оны интернет арқылы сатқан. Нәтижесінде 31,7 келіден астам синтетикалық есірткі мен оны дайындау үшін қолданылатын 150 литр прекурсор тәркіленді», - дейді полиция департаментінен.

Одан бөлек, жыл басынан бері елорда аумағында есірткіні жарнамалаған немесе сатқан 66 сайт бұғатталған.

«Арнайы операция кезінде елорда аумағына есірткі құралдарын жеткізумен және өткізумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топ құрықталды. Осылайша қылмыстық топты ұйымдастырушы және 5 есірткі тасымалдаушы ұсталды. Сонымен қатар операция барысында заңсыз айналымнан 37 келіден астам «гашиш» табылды», - делінген хабарламада.

Айта кетсек, Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаменті 2022 жылдың бірінші жартыжылдығындағы жедел-қызметтік жұмысын қорытындылады.


Соңғы жаңалықтар