Елордада жолай өтіп бара жатқан жігіт Есіл өзеніне секірген әйелді құтқарды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордада көпірден Есіл өзеніне секіріп кеткен бойжеткен құтқарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл жайында қалалық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі мәлімет таратты.

5 маусым сағат 13:46 кезінде 112 шұғыл нөміріне әйел адамның өзіне қол жұмсау үшін Тұран даңғылындағы көпірден Есіл өзеніне секіргені туралы хабарлама келіп түскен.

Осы сәтте аталған оқиғаның куәгері, 1987 жылы туған Азамат Қамшыбаев дереу суға секіріп, ес-түссіз жатқан әйел адамды жағаға шығарды.

Сол уақытта елордалық өрт сөндіру қызметінің қызметкерлері, азаматтық қорғау кіші сержанттары Данат Бекмағамбетов пен Мұрат Аманжолов әйелді құтқару үшін көпір арқылы оң жағалауға көмекке келді.

Оларға қосылған жедел құтқару жасағының құтқарушылары Амангельдинов Ислямбек, Омаров Мәулен және Култаев Арман бірден алғашқы медициналық көмек көрсетуге кірісті және ұзақ жүрек-өкпе реанимациясынан кейін бірлескен күш-жігермен зардап шеккен әйелдің тынысы мен жүрек соғысын қалпына келтірді.

Әйел адам одан әрі медициналық көмек көрсету үшін жедел медициналық қызметке тапсырылды.

Құтқарылған әйел №2 көпбейінді қалалық ауруханаға жатқызылды.


Соңғы жаңалықтар