Елордада жолаушылар автобусына арналған жаңа жолдар қосылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада тағы 15 жолда «Bus Lane» арнайы жолақтарын енгізу жоспарда бар. Олардың жалпы ұзындығы 42,3 шақырымды құрайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

2021-2022 жылдарда қоғамдық көлікке арналған «Bus Lane» жолағы А. Байтұрсынов, Ж. Нәжімеденов, Қ. Мұхамедханов, Түркістан көшелері, Жеңіс, Абылай хан, Қабанбай батыр, Тұран, Б. Момышұлы, Тәуелсіздік (3-бөлігі), Ұлы Дала, Мәңгілік Ел, Р. Қошқарбаев даңғылдарында іске қосылады.

«Bus Lane» жобасының мақсаты – жолаушылардың ыңғайлы жол жүруіне жағдай жасау және қоғамдық көлік қозғалысына басымдық беру. Бұдан басқа, арнайы жолақпен жүру құқығы шұғыл қызметтеріне (жедел жәрдем, өрт қызметі) беріледі.

«Bus Lane» жобасы елордада 2015 жылғы 26 шілдеде енгізілді. Алғашында арнайы жолдар Абылай хан даңғылынан Сарайшық көшесіне дейінгі Б. Момышұлы даңғылында және Уәлиханов көшесінен Сарыарқа көшесіне дейінгі бөліктердегі Бөгенбай батыр даңғылында пайда болды. Бірінші бөліктің ұзындығы – 2,84, екіншісінің ұзындығы – 2,15 шақырымды құрады.

Бүгінгі күні Нұр-Сұлтанда 21 жолда ұзындығы 51 шақырымдық автобус желісі бар. Бұл өз кезегінде бағдар желісінің 13% қамтитын көлік қаңқасын қалыптастыруға мүмкіндік берді. Бүгінде қоғамдық көліктің бірегей пайдаланушыларының саны 550 мыңнан астам адам (елорда халқының 46%). Қоғамдық көлікпен күн сайын 500 000 сапар жасалады.

«Bus Lane» арқылы қоғамдық көлік құралдарының жүру тиімділігі 25%-ға жетеді және жол жүру уақытын 12,5 минутқа қысқартады. Мысалы, автобус арнайы бөлінген 15 шақырымдық жолақпен жүргенде оның жол жүру уақыты 37,5 минутты құрайды, «Bus Lane» болмаса – 50 мин. Бөлінген жолақтарды кеңейту, болашақта қоғамдық көлікті дамытуға оң әсерін тигізеді. Өз кезегінде, бұл автобустардың жол жүру уақытын қосымша 14%-ға қысқартады. Бұдан басқа, кестелерді 160-тан астам бірлікке оңтайлы қайта бөлу арқылы, автобус тапшылығын қысқартады. Жалпы алғанда, көбейтілетін жолақтарды ескере келе, «Bus Lane» бағдар желісінің 23% қамтитын болады. Енгізілетін бөліктер тізімінен қала маңы және қалалық бағыттар үшін маңызды көлік артериясы – Қабанбай батыр даңғылын бөлек қарастыру қажет. Ол жолмен күн сайын 7 қала маңы және 8 қалалық бағыттар жүреді. Бұл – 192 автобус», - дейді «City Transportation Systems» ЖШС Басқарма Төрағасы Бекмырза Игенбердинов.

Мемлекет басшысымен қалалар ішіндегі көлік легін сауатты құру, қоғамдық көліктерге арналған жолақтар бойынша көлік жүргізушілерінің қарбалас сағаттарынан тыс және демалыс күндері қозғалу мүмкіндігін пысықтау туралы тапсырмасы берілген еді. Тапсырмаға орай, «City Transportation Systems» ЖШС бағдар желісіне талдау жүргізіп, Абылай хан даңғылы бойынша осы бастаманы енгізу туралы шешім қабылданды. Пилоттық жобаны енгізу барысында жан-жақты тиімділік есептеледі.

Сондай-ақ, Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігімен Түркістан көшесіндегі бөлу жолағын алып тастап, оны қала орталығына қарай енгізу туралы шешім қабылданды. Бұл тұрғызылып жатқан тұрғын ауданды қоғамдық көліктің қызмет етуін толық көлемде қамтамасыз етуге және жолдың шеткі оң жағын көлік тұрағына айналдырмауға көмектеседі.


Соңғы жаңалықтар