Елордада «Жасыл ел» еңбек жасақтарының XVIІ еңбек маусымы басталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нұр-Сұлтан қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасының бастамасымен «Жасыл ел» еңбек жасақтарының XVIІ еңбек маусымы басталды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

2017, 2018, 2019 жылдардағы квотаға сәйкес 975 адам жұмыспен қамтылған. Аталған жобаның жастар арасындағы сұранысы мен қызығушылықтары ескеріліп, 2020 жылдан бері алдағы 3 жылға квота 1200 адамға дейін ұлғайды. Ал жастарды арнайы экипировкамен қамту 600 данадан 1200 данаға ұлғайтылды.

Бұл жобаға әсіресе, көпбалалы, әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар мен жұмыссыз жастар тартылады. Мәселен, былтыр әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан 731 бала жұмыспен қамтылды.

Бұған дейін жастар сыйақысы 35 394 теңгені құраса, биыл сыйақы мөлшерін 10 АЕК ұлғайту жоспарда бар. Бұл 64 мың теңгені құрайды.


Жобаға 14-29 жас аралығындағы жастар 3 санат бойынша жұмыс істейді:

1. Көпбалалы, әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан 14-17 жас аралығындағы балалар;
2. 17-22 жас аралығындағы ЖОО мен колледж студенттері;
3. 18-29 жас аралығындағы жұмыссыз азаматтар.

Жұмыс кестесі төмендегідей:

14-17 жас аралығындағы жастар кәмелеттік жасқа толмағандықтан ҚР Еңбек кодексіне сәйкес, денсаулықтарына зиян тигізбейтін, ауыр емес, күніне 4 сағаттан артық емес жұмыс істейді. Балалар елорда саябақтарында, өз мектептерінің ауласын көгалдандыруға, мектепке қарасты аймақтарды тазалау жұмыстарын атқарады.

17-22 жас аралығындағы жастар «Астана ЗеленСтрой» компаниясымен бірлесіп, қала саябақтарының көгалдануына үлес қосуда.

Кәмелет жасынан асқан жастар еңбек кестесіне сәйкес күніне 8 сағат жұмыс істейді. Олар құрылыс нысандарына да жұмылдырылған. Онда мамандардың көмекшілері секілді түрлі қызмет етеді.

Жастар өздері жұмыс істейтін орыннан жалақы алса, «Жасыл ел» жобасы қосымша 35 мың теңге көлемінде сыйақы тағайындайды. Бұған қоса, отандық компания шығарған арнайы экипировка (бейсболка, ақ футболка, спорт киімі) беріледі.


Әрбір жаспен келісімшарт жасалып, онда көрсетілгендей қауіпсіздік талаптары міндетті түрде сақталады.

Карантинге байланысты жұмыс талаптары біраз өзгерді. Санитарлық нормалар мен қауіпсіздік сақтау мақсатында жастардың бір жерде шоғырланып жұмыс істеуіне жол берілмейді. Жастардың ара қашықтықты сақтай отырып жұмыс істеуі, барлық жастардың бетперде мен қолғап киюі қадағаланатын болады.

Қазіргі таңда жастар төрт бағыт бойынша жұмыс атқаруда: Біріншісі – қаладағы саябақтар, екіншісі – құрылыс нысандары, үшіншісі «Жасыл белбеу» алаңы. Сонымен қатар, төртінші бағыт, яғни кәмілеттік жасқа толмаған 14-16 жас аралығындағы жастар қаладағы білім мекемелерінің аумағында қосымша жасыл желектендіру, тазалық жұмыстарына тартылуда.

Былтыр «Жасыл ел» жобасының аясында елорда бойынша 1 200-ден астам жас жұмыспен қамтамасыз етілді. Оның ішінде 960-ы қала ішіндегі әлеуметтік нысандарда, жалпы орта білім беретін мектептер аумағында, саябақтарда жұмыс атқарса, қалған 240 жас Елбасы бастамасымен жүзеге асырылған елорда аумағындағы «Жасыл белдеудің» көгалдандыру, әрлендіру жұмыстарына жұмылдырылған. Оларға «Астана орманы» ЖШС тарапынан 90 мың теңге жалақы және «Жасыл ел» жобасы атынан жалақыларына қосымша 35 мың теңге жүрді.


Соңғы жаңалықтар