Елордада жас отбасылар арасында байқау өтеді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Астана қаласы жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Қайрат Қамбаров жас отбасыларға арналған жобалар мен алдағы уақытқа арналған жоспарын бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жас отбасыларды қолдау және оларды көпшілікке үлгі ету мақсатында былтыр «Үздік жас отбасы» байқауы ұйымдастырылды. Байқау 3 кезеңнен тұрды. Атап айтқанда, шығармашылық жарыстар, зияткерлік ойындар (викторина) және қатысушылардың бейне визиткасы. Іріктеу нәтижесінде финалға 10 отбасы өтті. Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаз отбасыларға тұрмыстық техника және электроника сатып алу сертификаттары табысталды», - деді Қайрат Қамбаров Астана қаласының коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.

Басқарма басшысының мәлімдеуінше, отбасылық құндылықтарды насихаттау бағытына ерекше мән беріліп, көптеген жоба жүзеге асып жатыр.

«Жүкті әйелдерге арналған тренингтер ұйымдастырылды. Дәріс барысында жүкті әйелдің денесіндегі физиологиялық өзгерістер, жүктілік кезінде дұрыс тамақтану, тағы сол сияқты тақырыптар қозғалды. Тренинг сала мамандары мен сарапшылардың қатысуымен өтті», - дейді ол.

Сондай-ақ, спикер астаналық жас отбасыларға арналған кешенді жобалар биыл да жалғасын табатынын айтты.

Айтуынша, кешенді іс-шара 5 бағыттан тұрады:

- Жас ерлі-зайыптыларға отбасылық құндылықтарды түсіндіру бойынша семинарлар, тренингтер ұйымдастыру;

- «Үздік жас отбасы» байқауын өткізу;

- Жас отбасылар арасында салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған «Көңілді старт» отбасылық эстафетасын ұйымдастыру;

- Отбасылық зияткерлік турнир өткізу;

- Әлеуметтік желілерде отбасылық байқау жариялау.


Соңғы жаңалықтар