Елордада Жәния Әубәкірованың авторлық кітабының тұсауы кесілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордада ҚР Халық әртісі, танымал пианиношы Жәния Әубәкірованың «Вариации на темы...» атты авторлық кітабы таныстырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұл еңбегімді көп жылдан бері жеке күнделігімде жинақталған естеліктер топтамасы десем де болады. Мұнда әр елде, әр қалада болған кезде, әуежайда ұшақ күтіп отырғанда жазған жазба естеліктерім бар. Мен жазушы емеспін, сондықтан маған өз жазбаларымды жинақтап, кітап қылып шығарайық деген ұсыныс келіп түскенде қобалжығаным рас. Шығарманың негізгі бөлігі әрине шығармашылығыммен байланысты, өйткені менің бар өмірім музыкамен байланысты екені баршаға аян. Кітап жалпы алғанда музыкаға арналғандықтан бұл кәсіби музыка мамандары мен музыка оқытушыларына арналады. Негізі туындыны әзіл жанрында жазғым келген. Себебі мұнда шығармашылық өмірімде мәңгі есте қалатын кезеңдермен бөліскем, әрине оның ішінде қызықты сәттер де бар», - деді Ж. Әубәкірова.

Автордың айтуынша, туындыда 30 жыл бойғы түрлі естеліктер жинақталған және оны жинақтап кітап етіп жасауға 2-3 ай уақыт жұмсалды. Сол сияқты 1500 данамен жарық көрген «Вариации на темы...» атты шығарманы алдағы уақытта оқырмандар қазақ және француз тілдерінде оқи алатын болады.

«Әрине, қандай автор өз еңбегіне балалық шағы мен отбасы жайлы жазбай кетеді, ол бөлімде менің жақын адамдарымның өнерге келген күннен бастап мені қолдауы мен ішкі сезімдеріммен де бөлістім. Одан бөлек, музыкалық авторлық мектебімнің жұмысы туралы да жаздым. Консерваториядағы басшылық қызмет атқарған кездерім, қысқаша айтқанда өнер саласындағы ғұмырнамалық шығарма. Және дәл осындай таныстырылым жуырда Алматыда да ұйымдастырмақпыз»,- дейді ол.

Сондай-ақ, таныстырылым барысында елімізге белгілі әртіс туралы қысқа метражды деректі фильм көрсетілді.

Туындының тұсаукесер кешіне халық әртісінің жақындарынан бөлек, белгілі қоғам қайраткерлері, өнердегі әріптестері мен шәкірттері қатысты.

Соңғы жаңалықтар