Елордада жаңа театр ашылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордада музыкалық жас көрермен театры салтанатты түрде ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жаңа театрдың ашылуы Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында және ұлы ақын Абайдың 175 жылдығына орай ұйымдастырылып отыр.

«Қастерлі мереке қарсаңында мәдениет саласында жағымды жаңалық орын алып отыр. Қалада бірнеше театр бар, бірақ жас жеткіншектерге арналған театр жоқ екен. Осы орайда мәдениет және өнер мамандарымен ақылдасып жаңа театр құруды жөн шештік. Сонымен қатар, бұл театрдың ашылуы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тарапынан да қолдау тапты», -деді Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов театрдың ашылу салтанатында.

Өз жұмысын биыл 1 қазанда бастап кеткен театрға кастинг арқылы 50-ден астам жас әртіс таңдап алынды.

«Әрине әр театрдың өз ерекшелігі болу керек, бұл театр өзінің музыкалық жанрымен ерекшеленеді. Біздің театрдың аналогы тек Мәскеуде ғана бар. Мақсат - жасөспірімдер мен жастарды өнерді сүюге үйрету, баулу. Олардың бойына музыкалық, эстетикалық қасиеттерді сіңіру. Алдағы уақытта жаңа театр сахнасында әлемдік және отандық туындылар қойылатын болады. Жалпы бүгінде Нұр-Сұлтан қаласында қалалық деңгейде 6 және республикалық деңгейдегі 3 театр бар», - деді Нұр-Сұлтан қаласы музыкалық жас көрермен театрының директоры Асхат Маемиров.

Музыкалық жас көрермен театры шымылдығын М. Әуезовтің «Абай-Тоғжан» музыкалық драмасымен ашты.

Қойылымда Абайдың рөлін жас әртіс Аян Өтепберген сомдаса, ал оның ғашығы Тоғжанды Арелина Амангелдиева ойнады.

Сондай-ақ, Абайдың анасы Ұлжанның рөлін 71-ші Канн халықаралық кинофестивалінің жеңімпазы, танымал актриса Самал Еслямоваға сомдау бұйырды.

Айта кетсек, аталған жаңа театр елордадағы Қ. Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық театрының бұрынғы ғимаратына орналасты.


Соңғы жаңалықтар