Елордада «Жаңа БАҚ» курсына қатысқандарға сертификат табысталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада Қазақстан журналистеріне арналған «Жаңа БАҚ» атты модульдік оқыту курсына қатысқандарға сертификаттар табысталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Модульдік оқыту Tika Turkey, «ҚазАқпарат» АҚ және «Медиа дамыту қорының» бірлескен жобасы. Аталмыш шара «ҚазАқпарат» Халықаралық ақпарат агенттігінің 100 жылдығын атап өту аясында өткізілді.

Оқыту кезінде журналистер үшін әлеуметтік желілер, халықаралық бұқаралық ақпарат құралдарындағы жаңалықтар экономикасы, цифрлық медиаұсыныстар тақырыптары ортаға салынды. Бес күн бойы Tika Turkey өкілдері әлеуметтік желілердегі жұмыс дағдыларымен бөлісіп, халықаралық бұқаралық ақпарат құралдарындағы жаңалықтар экономикасы туралы баяндады. Шараны TRT Istanbul Radiosu цифрлық медиада контентті басқару маманы Хале Айдомуш жүргізді.

Курсқа қатысқан «Qazaqstan» және «Хабар» телеарналары, «Егемен Қазақстан», «Астана ақшамы», «Азаттық рухы», «Айқын» басылымдарының және «Қазконтент» АҚ-ның тілшілері, сондай-ақ Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ оқытушыларына арнайы сертификат берілді.

«Бір апта бойы маңызды тақырыпта тәлім алдыңыздар. Осы тектес семинарлар мен тренингтер біздің елдер арасындағы қарым-қатынастарды одан әрі дамытады деп сенеміз. Осы пайдалы семинарды ұйымдастырған Tika ұйымы мен «ҚазАқпарат» агенттігіне алғыс білдіремін. Модульдік оқыту курсына қатысқандар алған білімдерін тәжірибе жүзінде пайдаланады деп сенемін. Жалпы, медиа саласында тәлім алуға қатысты жас тілшілер тарапынан үлкен қызығушылықты байқап отырмыз. Алдағы уақытта Түркиядағы тиісті ұйымдармен бірлесіп, жылдық жоспарды хабарлайтын боламыз. Екі ел арасында осы салада байланысты нығайту, бір-біріміздің тәжірибелерімізді игеру өте маңызды деп білемін. Сондықтан Қазақстанда қызық жобаларды жоспарлайтын боламыз», - деді Түркияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Уфук Экиджи сертификатты табыстауға арналған салтанатты шарада.

Өз кезегінде «ҚазАқпарат» ХАА» АҚ басқарма төрағасы Асқар Умаров бұл тәлімді шараға белсенді қатысқан Tika ұйымына алғысын жеткізді.

«Tika ұйымы Қазақстанда 20 жылдан астам уақыт жұмыс істеп жүр. Сәйкесінше, біраз жобаларға қолдау көрсетті. Сонымен қатар, осы аптаның ішінде дәріс берген ұстаздар елеулі еңбек етті. Менің ойымша, білікті мамандардың қатысуымен өткен бұл тәжірибе алмасу өте маңызды болды. Түркияда медиа саласы өте дамыған. Біз Түркиядан үйренсек, сондай-ақ түркиялық мамандар біздің тәжірибемізді үйренсе – бұл өте жемісті ынтымақтастық болады. Өз тарапынан «ҚазАқпарат» ХАА» АҚ осы тектес шараларға қолдау жасауға дайын»,- деді Асқар Умаров.

Қазақстандағы Tika өкілі Эврен Рутбильдің атап өтуінше, аталған тақырыпта өткен семинарлар мен тренингтер Түркияда жалғасын табатын болады.

«Биыл оқыту шаралары Қазақстанда басталды, енді оның жалғасы Түркияда өтеді. «Qazaqstan» және «Хабар» телеарналары, «ҚазАқпарат» агенттігі секілді маңызды бұқаралық ақпарат құралдарымен бірлескен жобалар маңызды. Осы орайда «ҚазАқпарат» біздің басты серіктестеріміздің бірі екенін атап өткен жөн. 2020 жылы және алдағы жылдары да осы сияқты жобалар жалғасатын болады», - деді Эврен Рутбиль.

Tika Turkey – ынтымақтастық және үйлестіру бойынша қызмет етіп, түрлі іс-шаралар: біліктілікті арттыру курстарын, тренинг, семинарлар өткізетін, басқа салаларда да көмек көрсететін түрік агенттігі. Оның негізгі мақсаты – түркі елдерінің арасында экономикалық, сауда, техникалық, әлеуметтік, мәдени және білім беру саласындағы ынтымақтастықты дамыту.


Соңғы жаңалықтар