Елордада жалған меданықтама сатып келген емхана басшылары ұсталды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада жалған анықтама сатқан медициналық орталықтардың екі басшысы ұсталды, деп хабарлайды Polisia.kz.

Клиенттер көлік құралдарын басқаруға жүргізуші куәлігін алу үшін медициналық анықтамаға тапсырыс берген.

Іс-шаралар кешені барысында Астана қаласының полицейлері алдын ала сөз байласу бойынша жалған медициналық анықтамаларды өткізу арнасын ұйымдастырған ЖШС-ның екі басшысын ұстады.

Ақшалай қаражатқа олар медициналық ұйымға бармай-ақ уақытша еңбекке жарамсыздық парағын, денсаулық паспортын, санитарлық кітапша, №086, 075 нысанындағы анықтамаларды және өзге де медициналық құжаттарды дайындаған.

Жедел шаралар кезінде Астана қаласы ПД криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері Тәуелсіздік даңғылы бойындағы медициналық орталықтың 33 жастағы басшысын ұстады.

Тінту барысында қолма-қол ақша, елтаңбалық мөрлер, медициналық мөртабандар, медициналық анықтамалардың үзбелі түбіртек байламдары, тіркеу журналдары, медициналық кітапшалар, толтырылған және мөр қойылған еңбекке жарамсыздық парақтары тәркіленді.

Сондай-ақ Әуезов көшесінде орналасқан медициналық орталықтың тағы бір 33 жастағы басшысы ұсталды.

Тінту барысында медициналық кітапшалар, еңбекке жарамсыздық парақтары, мөрлер тәркіленді.

Клиенттердің жұмысқа орналасу, көлік құралдарын басқару үшін жүргізуші куәлігін алу және тағы басқа қажетті медициналық анықтамаға тапсырыс бергені анықталды.

Аталған фактілер бойынша жалған құжаттарды дайындағаны және өткізгені үшін ҚР ҚК-нің 385-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.


Фото: polisia.kz

Соңғы жаңалықтар