Елордада заңсыз жүрген 38 шетел азаматы елден шығарылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласында заңсыз жүрген шетел азаматтары анықталып, елден шығарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Елордада құқық қорғау органдарының қызметкерлері қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамсыз етуде. Қаладағы жағдай толық бақылауда. Елорда аумағында 6 блок-бекет қойылып, тәртіп сақшылары тәулік бойы күзетуде. Коменданттық сағат режимі кешкі 23.00-ден таңғы сағат 07.00-ге дейін сақталады», - деп хабарланды департаменттен.

Хабарламада айтылғандай, төтенше жағдай кезінде жедел алдын-алу шаралары өткізіліп, полицейлер тұрғын үйлерді тексеріп жатыр.

«Полиция инспекторлары заңға қайшы әрекеттерге жол бермеу және көші-қон заңнамасын бұзу фактілерін анықтау мақсатында 4 649 жалдамалы тұрғын үй мен 420 хостелге тексеру жүргізді. Оның барысында көші-қон заңнамасын бұзудың 1 372 фактісі анықталып, 38 шетел азаматы елден шығарылды. Төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін ҚР Әкімшілік кодексінің 476-бабы бойынша 318 адам әкімшілік жауапқа тартылды, оның 30-ы қамауға алынып және 137 адамға айыппұл салынды», - делінген хабарламада.

Сондай-ақ, елорда полицейлері төтенше жағдай кезінде мас күйінде көлік басқарған 10 фактіні анықтап, жүргізушілерді қамауға алған.

«Осындай қиын кезеңде азаматтардың тарапынан бейқам жүруге жол берілмеуі тиіс. Төтенше жағдай кезеңінде алкогольдік өнімдерді сатуға тыйым салынғанын естеріңізге саламын. Заңбұзушылық анықталған жағдайда, алкогольді сатушылардың лицензиясынан айыруға дейін қатаң жаза қарастырылған», - деді Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің басшысы, елорда коменданты Ержан Саденов.


Соңғы жаңалықтар