Елордада волонтерлер мұқтаж жандарға 1000 азық-түлік себетін үлестірді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елорда күнін мерекелеу қарсаңында көпбалалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға 1 000 азық-түлік себетін тарату науқаны басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Игі істі қалалық және аудандық әкімдіктердің Жастар саясаты мәселелері басқармасы, «Астана жастары» КММ және қалалық волонтерлер штабымен бірлесіп қолға алып отыр. Аталған шара «Ел тірегі – Елбасы» ауқымды қайырымдылық акциясы аясында жүргізілуде. Себеттерде әр отбасы үшін ең қажетті 50 келі өнім: қарақұмық, күріш, қант, макарон, ұн, май, шай, бұқтырылған ет консервілері және кәмпиттер бар.

«Қалалық штабтағы бес мыңнан астам волонтер азық-түлік себеттерін таратуға, аумақтарды тазалауға қатысады. Бүгін қала күніне орай тарату шарасы өтіп жатыр», - деді Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Астана Жастары» КММ басшысының орынбасары Аян Ерментаев.

Еріктілер тынымсыз еңбек етуде. Оларға қысқа мерзімде 50 тонна азық-түлікті бөліп, таратып беру керек.

«Мен төтенше жағдай басталғаннан бері волонтер болып жүрмін. Осы уақыт ішінде біз қанша көмек көрсеткенімізді есептеген емеспін. Әрбір қазақстандықтың өмірінде бір рет болсын волонтерлікпен айналысқанын қалаймын. Ал мені қарапайым адамдардың алғысы алға жетелейді», - деді ерікті Әлфараби Аймақ.

Волонтерлер пандемия кезінде топтасып, мұқтаж жандарға көмек көрсету маңызды екеніне сенімді.

«Бүгін біз азық-түлік себеттерін елорданың төрт ауданына таратамыз. Азық-түліктен басқа, біз 30 мыңнан астам маска таратқымыз келеді. Мұндай сыйлықты мереке күндері ғана емес, үнемі жасаймыз. Айына кемінде 4 рет қайырымдылықпен айналысамыз. Осындай қиын уақытта бәріміз бірге болуымыз керек. Бұрын біз Тимур мен оның командасы туралы оқыған едік. Еріктілер – бұл Тимур және оның командасы, бірақ саны әлдеқайда көп. Біз немқұрайдылықты ысырып қойып, жұртқа көмектескіміз келеді», - деді ерікті Исламбек Байманов.

Өз кезегінде азық-түлік себеттерін алған отбасылар қайырымдылық акциясын ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді.

«Мен жалғызбасты анамын, тұрақты жұмысым жоқ, оның үстіне әлі студентпін. Үй жалдап тұрамын. Сондықтан мен үшін бұл үлкен көмек. Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігіне және еріктілерге алғысымды білдіремін», - деді елорда тұрғыны Айгүл Телепова.

«Бұл көпбалалы отбасылар үшін өте жақсы көмек. Қала әкімдігі мен еріктілерге және олардың күш-жігері үшін алғыс айтқым келеді. Олардың алдағы жұмыстарына сәттілік тілеймін», - дейді елорда тұрғыны Мәриям Алғали.

Айта кетейік, пандемия басталғалы бері еріктілер халықтың осал топтарына көмек көрсетуде. Қаланың автоволонтерлері азық-түлік себеттерін тиісті мекенжайға жеткізуге қатысады. Азық-түлікті үздіксіз жеткізумен қатар, түрлі мерекелерге арналған ірі қайырымдылық акциялары ұйымдастырылуда. Мысалы, наурыз айында еріктілер 4 000-нан астам азық-түлік себетін таратты. Түрлі кәсіпорындар мен қоғамдық ұйымдар меценат болды.

Қала тұрғындары мұқтаж жандарға қажетті азық-түлік пен дәрі-дәрмек беріп, белсенділік танытуда. Елорданың кейбір тұрғындарына себеттер, түрлі мәселелер бойынша кеңестер, аулаларды тазалау секілді тұрақты көмек қажет. Еріктілер мұндай мекенжайларды үнемі назарда ұстайды.


Соңғы жаңалықтар