Елордада волонтер жылы қалай өтіп жатыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 2020 жыл Волонтер жылы деп жарияланды. Бүгінде елімізде волонтерлік іс жүйеленіп, олар әр сала бойынша қоғамға өз пайдасын тигізіп жүр.

Соның ішінде елордалық волонтерлер де бар. Осы орайда бас қалада волонтер жылы қалай өтіп жатыр, астаналық жастар қоғамдық іске қаншалықты белсенді деген тақырыпта ҚазАқпарат тілшісі Нұр-Сұлтан қаласы жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Дәулет Кәрібекпен тілдескен болатын.

«Жаңадан құрылған біздің басқарманың басты мақсаты - қала деңгейінде жастар саясатын жүргізу. Оның ішінде жастарды әлеуметтендірумен қатар, олардың әріден жиналып қалған және бүгінгі күнгі мәселелерін шешу. Елорда жастарының белсенділігі әсіресе төтенше жағдай кезінде білінді. Астаналық волонтерлер 20 мыңнан астам отбасын азық-түлікпен қамтамасыз етуге жәрдемін тигізді. Сондай-ақ, волонтерлердің көмегімен елорда халқына, оның ішінде мұқтаж жандарға, қарттар, жетімдер үйіне 2 млн-нан астам маска таратылды. Одан бөлек, біздің 235 волонтер карантин кезінде тәртіп сақшыларымен блокпостарда, демалыс орындары мен тамақтану орындарына рейдтерге шығып отырды.

Тағы бір айтып өтетін волонтерлердің атқарған ерекше қызметі бар. Бүгінде астаналықтар көп мәселе бойынша «109» нөмірі арқылы «IKOMEK» жедел әрекет ету орталығына жүгінеді. Төтенше жағдай кезінде күніне 27 мыңдай қоңырау шалынып отырды. Оның ішінде біреу коронавирусқа қатысты сұраса, екіншісі азық-түлік немесе дәрі-дәрмек жеткізіп беруін сұрайды. Сол жағдайда волонтерлер әсіресе ересек жалғыз басты адамдардың үйлеріне азық-түлік, дәрі-дәрмек жеткізіп берді.

Тілге тиек ететін тағы бір жайт, ол -Мақтааралдағы төтенше жағдай. Осы кезде де біздің волонтерлер елордалықтардың 20 мың тоннадан астам гуманитарлық аманатын жеткізуге өз үлесін қосты. Осы орайда жуырда төтенше жағдай кезінде еңбектенген волонтерлерді Мемлекет басшысы, министрдің және әкімнің атынан құрмет көрсетіп марапаттауды жоспарлап отырмыз, - деді Дәулет Кәрібек.

Оның айтуынша, бүгінде бас қалада 2 мыңнан астам волонтер бар.

«Әрине барлық волонтерлер бір уақытта жинала қоймайды, себебі біреуінің оқуы болса, екіншісінің жұмысы бар дегендей. Дегенмен қажет болған жағдайда 100 немесе одан көп волонтер тобын жасақтай аламыз. Сонымен қатар біздің волонтерлердің жас ерекшелігі де әртүрлі, оқушылардан бастап, ересек азаматтарға дейін бар. Яғни белсенді азамат қоғамға пайдамды тигіземін десе, біз оған шек қоймаймыз»,- деді ол.

Сонымен қатар, басқарма басшысы бүгінде бас қалада 15 мыңнан астам жаңа жұмыс орнының ашылғанын тілге тиек етті.

«Біздің елорда жастарының мәселелерін шешуге арналған нақты мақсат, жоспарымыз бар. Олардың қатарында жұмыс істеуші жастардың баспаналы болуы, жазғы демалыс кезінде жоғары сынып оқушылары мен студенттерді еңбекпен қамту. Ол үшін бүгінде «Жасыл ел» бағдарламасын қайта жандандырып жатырмыз. Яғни 14-29 жас аралығындағы 1200 астаналық жас азамат осы бағдарлама аясында жұмыспен қамтылады. Одан бөлек, бүгінде бас қалада 15 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылып отыр», - деді Д. Кәрібек.

Одан бөлек, спикер еңбектенемін немесе өз ісімді ашамын деген елордалық жастарға қандай мүмкіндіктер барын айтты.

«Егер жас талант иесі өз идеясымен бізге келсе немесе өз кәсібімді ашамын деген жағдайда біз ұсынысты қарастырып, қажет жағдайда 500 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грант бөле аламыз. Одан бөлек, өз ісімді одан әрі кеңейтем деген жан 6%-бен, ал көпбалалы немесе басқа да әлеуметтік топқа жататын жан болса 4%-бен 20 млн теңгеге дейін несие ала алады. Сол сияқты біз «TRANSFORMATION» жобасын қолға алдық. Ол жастарды әлеуметтендіруге бағытталған. Яғни білімсіз, жұмыссыз жүрген жастарды ортаға бейімдеу, әлеуметтендіру. Олардың ішінде жетімдер үйінен және түрмеден шыққан жастарды өмірге қайта бейімдеу де бар.


Соңғы жаңалықтар