Елордада вакциналанбаған қызметкерлердің тікелей жұмыс орнында болуы шектелді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада 2 тамыздан бастап жаңа карантиндік шектеулер күшіне енді. Қаланың бас мемлекеттік-санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес коронавирусқа қарсы вакцина алмаған жекелеген ұйымдар мен нысандардың қызметкерлеріне (тұрақты медициналық қарсы көрсетілімдері бар және соңғы 3 ай ішінде КВИ-мен ауырғандарды қоспағанда) тікелей жұмыс орнында еңбек етуіне шектеу енгізіледі. ҚазАқпарат бұл туралы Нұр-Сұлтан әкімдігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Олардың ішінде: халыққа қызмет көрсету нысандары, мемлекеттік органдар мен ұйымдар, өндірістік нысандар, құрылыс, көтерме және бөлшек сауда нысандары, мәдениет және демалыс нысандары, қонақ үйлер, әуежайлар, вокзалдар, білім беру және тәрбиелеу ұйымдары, денсаулық сақтау, санаторийлер, көңіл көтеру орындары, дәріханалар және тағы басқалары.

Бұдан бөлек, мемлекеттік органдар, кеңселер, ұлттық компаниялар мен өзге де ұйымдар қызметкерлерінің 80% қашықтан жұмыс істеу форматына ауыстырылуы тиіс. Айта кетейік, соңғы 3 ай ішінде вакциналанған және ауырып жазылған адамдар үшін бұл талап қолданылмайды.

Бас санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес, 2021 жылғы 10 тамызға дейін қызметкерлерді коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші компонентімен, ал 2021 жылғы 1 қыркүйекке дейін екінші компонентпен (соңғы 3 ай ішінде тұрақты медициналық қарсы көрсетілімдері бар және COVID-19 инфекциясымен ауырып жазылған адамдарды қоспағанда) егуді ұйымдастыру қажет.

Нұр-Сұлтанда шектеу және карантиндік шараларды күшейту туралы қаулы ҚР аумағында коронавирус инфекциясының пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысының хаттамасына сәйкес қабылданды.


Соңғы жаңалықтар