Елордада вакцина алғысы келетін жүкті және емізулі аналардың қатары көп – басқарма

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласында коронавирусқа қарсы екпе салдырғысы келетін жүкті әйелдер мен емізулі баласы бар аналардың қатары көп. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Әйгерім Ардақ мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елордаға 35 100 доза Pfizer екпесі жеткізілді. Аталған вакцинаны жүкті, емізулі аналар және 12 жасқа толған жасөспірімдердің салдыруына болады. Бүгінде қалада 5 мың жүкті әйел және 28 мың емізулі ана бар. Сондай-ақ, 63 мың жасөпірім бар (12-17 жас аралығында). Pfizer екпесін қанша адам алу керектігіне қатысты тізім жасалып, медицина мекемелеріне хабарлама жіберілді. Мектепке келсек, бүгінде ата-аналармен түсіндіру жұмыстары өтіп жатыр. Яғни ата-аналармен сынып сағаттары, кездесу тағы басқа шаралар. Қазір вакцина салдыруға дайын мектептер бар, оның тізімін кейін белгілі болады. Кейбір мектеп басшылары оқушылардың вакцина алу процесін көпшілікке жария еткенін қаламайды», - деді Әйгерім Ардақ тілшілердің сұрағына жауап бере тұрып.

Оның айтуынша, жасөспірімдерге вакцина салар алдында ата-ананың рұқсаты болуы міндетті.

«Pfizer екпесі тек медициналық мекемелерде, емханаларда және мектепте салынады. Ойын-сауық және сауда орталықтарында аталған вакцина болмайды. Pfizer екпесінің бір флаконын 6 адамға егуге болады. Бізге вакцина алғысы келіп хабарласып жатқан жүкті және емізулі аналардың қатары көп. Өз кезегімізде келіп түскен өтініштерді мамандарға жіберіп, кеңес беріліп жатыр» - дейді ол.

Айта кетейік, бүгін елорда да Pfizer вакцинасын салу процесі басталды. Алғаш болып 17 жасар астаналық жасөспірім салғызды.

Сондай-ақ, астаналық емізулі ана да екпеден кейінгі әсерін бөліскен болатын.


Соңғы жаңалықтар