Елордада ұйымдасқан қылмыстық топтан 37 келі гашиш тәркіленді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордада 37 келі гашиш тәркіленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Нұр-Сұлтан қаласының Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы гашиш сатумен айналысып келген қылмыстық топты әшкерледі. Есірткі елдің оңтүстік өңірінен әкелінген.

Арнайы операция жүргізу барысында гашишты өткізу үстінде қылмыстық топты ұйымдастырушылардың бірі ұсталды. Оның көлігін тінту кезінде 8 келі 700 грамм гашиш алынды.

Кейіннен есірткінің ірі партияларын жеткізумен айналысатын топтың тағы екі мүшесі анықталды. Олардың біреуінің пәтеріндегі балконнан бір келі гашиш, электронды таразы және есірткіні бөліп салуға арналған басқа да жарақтар табылды.

Тінту кезінде үшінші фигурант – қылмыстық топ басшысының көлігінен 26 келіден астам есірткі анықталды.

«Одан әрі, жедел әрекеттер кезінде полицейлер жерлестік қағидаты бойынша өзара байланысты есірткі саудасымен айналысатын 5 қылмыскерді анықтады.

Оның ішінде үшеуі – есірткі жеткізушілер. Олар оңтүстік өңірден гашишті жеткізіп, сенімді адамдар арқылы елордада өткізіп отырған.

Тікелей сатумен айналысатын топтың 2 мүшесінен шамамен 200 грамм гашиш табылды.

Сонымен қатар, ұсталғандардың екі көлігі мен ұялы телефондары тәркіленді.

Тәркіленген есірткінің жалпы салмағы 37 келіні құрады», - делінген полиция мәліметінде.

ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы Ерлан Омарбеков түсіндіргендей, бұл операция қала прокуратурасының үйлестіруімен ІІМ арнайы бөлімшесінің күштерін жұмылдыру арқылы жүргізілді.

«Қылмыстық топтың барлық қатысушылары қамауға алынды. Оларға қатысты аса ірі көлемде есірткіні өткізу, сақтау және тасымалдау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Гашиштің мұндай көлемінің заңсыз айналымы аса ауыр қылмыстарға жатады және мүлкін тәркілей отырып, 15 жылдан өмір бойына дейін бас бостандығынан айыруға жазаланады», - деп нақтылады полицейлер.


Соңғы жаңалықтар