Елордада үйдің подъезінен велосипед ұрлап кеткен ер адам ұсталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елорда тұрғыны үйдің подъезінен құны 65 мың теңге тұратын велосипедті ұрлап кеткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Тек биылғы жылдың шілде айының өзінде Сарыарқа ауданының аумағында 16 велосипед ұрлау фактісі тіркелген. Бұл осы қылмыс түрінің айтарлықтай артқанын көрсетеді. Жыл басынан бергі статистикаға сәйкес аудан аумағында 91 велокөлік ұрлығы жасалған. Жалпы алған полицейлер 48 ұрлықтың бетін ашты», - деп атап өтті Нұр-Сұлтан қалалық ПД «Сарыарқа» ауданының Полиция басқарамасы басшысының орынбасары Дулат Жұмағұлов.

Жақында полицейлер кезекті велосипед ұрысын ұстады. Белгісіз біреудің күндізгі уақытта Күмісбекова көшесіндегі тұрғын үй кешенінде құны 65 мың теңге болатын «Плато» маркалы велосипед ұрлағаны анықталды. Ер адам бір күнге пәтер жалдап, кетіп бара жатқан кезде баспалдақ алаңынан сымарқанмен бекітілмеген велосипедті көріп қалып, оны ұрлап алып кеткен. Одан кейін оны өтіп бара жатқан адамға 5000 теңгеге сатып жіберген. Полицейлер қылмыс орнынан күдіктіні анықтауға мүмкіндік берген бейнежазбаны алды.

Полицейлер азаматтарға ұрланған затты сатып алғаны үшін ҚР ҚК 196-бабы (Көрiнеу қылмыстық жолмен табылған мүлiктi иемдену немесе өткізу) бойынша қылмыстық жауапкершілік көзделгенін ескертеді. Санкция 20-дан 160 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл салуды немесе 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруды көздейді.

Полиция қызметкерлері ұстаған 39 жастағы күдікті кінәсін мойындады. ҚР ҚК «Ұрлық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оның осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталуда. Велосипед иесіне қайтарылды.


Соңғы жаңалықтар